«Самұрық-Қазына» АҚ-ның бұрынғы басқарушы директоры, Салық комитетінің экс-төрағасы және бұрынғы қаржы вице-министрі Нұрлан Рахметов 61 жасқа қараған шағында өмірден өтті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Өмір жолы
Нұрлан Рахметов Батыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Мамандығы бойынша математик. Ол Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетін тәмамдап, физика-математика ғылымдарының кандидаты атанған. Кейін Испаниядағы IE Business School оқу орнында Global Executive MBA дәрежесін алған.
Еңбек жолын ғылым мен оқытушылықтан бастаған. Кейін мемлекеттік басқару және қаржы саласына ауысты. Әр жылдары Мемлекеттік кірістер министрінің бірінші орынбасары, қаржы вице-министрі, Салық комитетінің төрағасы қызметтерін атқарды. Сондай-ақ, «ҚазМұнайГаз» компаниясының қаржы бағытына жетекшілік етті.
2008 жылдан бастап «Самұрық-Қазына» қорының құрылымында еңбек етіп, кейін қордың басқарушы директоры әрі басқарма мүшесі болды.
«Басқаша әрекет ете алмадым»
Оның еңбек жолындағы көпшілікке белгілі оқиғалардың бірі – 2008 жылы Салық комитеті төрағасы қызметінен өз еркімен кетуі. Бұған ведомство басшыларының бірінің сыбайлас жемқорлық ісі бойынша ұсталғаны себеп болған.
Сол кезде Нұрлан Рахметов қарамағындағы қызметкерлердің іс-әрекеті үшін басшылардың жеке жауапкершілігі болуы керек деген бастаманы өзі көтергенін айтып, қызметтен кету туралы шешімін түсіндірген.
– Мен өз еркіммен жұмыстан босату туралы өтініш жаздым. Мұндай міндеттемені алғаш болып өзім қабылдағандықтан, басқаша әрекет ете алмадым, – деген еді ол «Панорама» басылымына берген сұхбатында.
Мемлекеттік қызметте жүрген жылдары Нұрлан Рахметов бірнеше ұлттық компанияның директорлар кеңесінің құрамында болды. «Қазпошта» АҚ директорлар кеңесіне төрағалық етті.
Ол «Құрмет» орденімен және Қазақстан Президентінің Құрмет грамотасымен марапатталған.