Қазақстандық Аружан Сахариянова АҚШ-тағы Furman University университетін үздік тәмамдап, бірнеше беделді марапатқа ие болды. Сонымен қатар, оқу орны оны жетістігі өзгелерге үлгі болатын бес үздік түлектің қатарына енгізді. Енді ол АҚШ-тың Гринвилл қаласы әкімдігінде тұрақты даму бағытында қызметін бастайды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Үздік түлек атанды
Астаналық Аружан төрт жыл ішінде Furman University-де бірден екі мамандық – тұрақты даму және коммуникация салалары бойынша білім алған. Ол оқу орнын Summa Cum Laude дәрежесімен тәмамдады. Бұл – ерекше оқу жетістіктері үшін берілетін ең жоғары академиялық марапаттардың бірі.
– Furman университетіне алғаш келгенде Қазақстаннан барған жалғыз студент мен едім. Әрине, бұл әрі қуанышты, әрі жауапты сәт болды. Мыңдаған шақырым жерге көшіп келу оңай емес. Бірақ дәл осы қадам маған әр мүмкіндікті тиімді пайдалануға күш берді, – дейді Аружан.
Студент кезінде ол алты тағылымдамадан өтіп, кәсіби даму бағдарламаларына қатысты. Ғылыми зерттеулер жүргізіп, қоғамдық жобаларға атсалысты. Сондай-ақ екі рет халықаралық алмасу бағдарламасымен шетелде білім алып, үш академиялық құрмет қоғамының мүшесі атанды.
Аружанның ең ірі жетістіктерінің бірі – Sustainability Science Research Award сыйлығын жеңіп алуы. Бұл марапат университетте тұрақты даму саласы бойынша үздік ғылыми зерттеу жасаған бір ғана түлекке беріледі.
Бұдан бөлек, ол АҚШ-тағы ең беделді академиялық қауымдастықтардың бірі – Phi Beta Kappa ұйымына қабылданды. Бұл ұйымға тек оқу мен ғылымда жоғары нәтиже көрсеткен студенттер мүше бола алады.
– Бұл марапатқа ие болу – мен үшін үлкен құрмет. Әсіресе зерттеу жұмысымның, қоғамға қосқан үлесімнің және тәжірибелік жобалардағы көшбасшылығымның бағаланғанына қуаныштымын, – дейді ол.
Furman University ресми сайтында Аружанның жетістік жолы университет таңдаған бес үздік түлек туралы арнайы материалға енгізілген.
Жаңа белес
Аружан табиғатты қорғау мен экологияға мектеп кезінен қызыққан. Астанада жүргенде экологиялық акцияларға қатысып, Қазақстанның табиғаты туралы бейнероликтер түсірген. Сондай-ақ, ЮНЕСКО-мен жастардың экологиялық бастамалары аясында бірлесіп жұмыс істеген.
Оқуын аяқтағаннан кейін ол Оңтүстік Каролина штатында қалып, осы жазда Ши атындағы тұрақты қауымдастықтар институтындағы соңғы тағылымдамасын аяқтайды.
Қазір Аружан Гринвилл қаласы әкімдігінің жобаларды басқару кеңсесінде еңбек етеді.
– Қаланың тұрақты дамуына үлес қосу – өте маңызды жұмыс. Бұл салада тұрғындармен тікелей байланысып, олардың өмір сапасын жақсартуға нақты ықпал етуге мүмкіндік бар, – дейді ол.
Алдағы уақытта қазақстандық маман мемлекеттік басқару жүйесінде тұрақты даму қағидаларының қалай жүзеге асырылатынын тереңірек зерттеуді көздеп отыр.