Қазақстан Ұлттық банкі бірыңғай QR-код арқылы төлем жасаған кезде комиссия қалай есептелетінін түсіндірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
КОМИССИЯ ҚАЛАЙ ЕСЕПТЕЛЕДІ?
Ұлттық банк 19 шілдеден бастап іске қосылған бірыңғай QR жүйесіне Ұлттық төлем корпорациясы (Ұлттық банктің еншілес ұйымы) қызмет көрсететінін еске салды. Сатып алушылар үшін бірыңғай QR қолдану тегін, ал кәсіпкерлер үшін төлем қабылдау және клиенттерге қызмет көрсету мүмкіндігі кеңейеді.
Сонымен бірге жүйені пайдаланғаны үшін сатушылардан комиссия алынады.
– Заңнамада маңызды талап бар: бірыңғай QR арқылы банкаралық төлемдер кезінде бизнес үшін алынатын комиссия карта арқылы төлем жасағандағы комиссиядан жоғары болмауы керек. Осылайша, кәсіпкерлердің бірыңғай QR арқылы төлем қабылдауға кететін шығыны кез келген басқа банктің картасы арқылы жасалған ұқсас операция құнынан аспайды, – деп хабарлады Ұлттық банк.
Сатып алушы мен сатушы бір банктің қызметін пайдаланса, комиссия мөлшерін сол қаржы ұйымы өзі белгілейді.
Ал төлем жасаушы мен кәсіпкер әртүрлі банктердің клиенті болса, комиссия мынадай тәртіппен есептеледі:
1 пайызы сатып алушының банкіне банкаралық комиссия (interchange) ретінде түседі. Кейін бұл қаражат банк тарапынан клиенттерге бонустар мен кэшбэк түрінде қайтарылады;
қалған бөлігі кәсіпкердің банкіне тиесілі болады.
– Осы сомалардан сатып алушының банкі мен кәсіпкердің банкі жүйе операторы ретінде Ұлттық төлем корпорациясына төлем жасайды: телефон нөмірі арқылы аударымдар үшін – 0 теңге, ал бірыңғай QR арқылы төлемдер үшін – 0,05 пайыз, яғни Ұлттық төлем корпорациясы банктерден де, олардың клиенттерінен де телефон нөмірі арқылы банкаралық аударымдар үшін комиссия алмайды, – деді Ұлттық банк.
Реттеуші органның баспасөз қызметі банктердің инфрақұрылымды ұстауға және POS-терминалдарды орнатуға шығындалатынын, сондықтан бизнеске арналған комиссияларды өз шығындарына сәйкес белгілейтінін атап өтті.
Соған қарамастан Ұлттық банк банктердің тарифтік саясатын бақылауда ұстайды. Бұған дейін реттеуші екінші деңгейлі банктермен және төлем жүйелерімен келісіп, банкаралық комиссияларды кезең-кезеңімен екі есеге төмендетуге қол жеткізген.
ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР
Ұлттық банк бірыңғай QR төлемі кәсіпкерлердің әртүрлі банктердің терминалдары арқылы төлем қабылдау мүмкіндігін шектемейтінін атап өтті. Қолма-қол ақша, карталар және банктердің ішкі QR жүйелері де төлем жасаудың балама тәсілдері ретінде қала береді.
Жаңа жүйе кәсіпкерлердің жұмысын қиындату үшін емес, керісінше жеңілдету үшін енгізіліп отыр.
– Болашақта осы жүйе негізінде жаңа пайдалы мүмкіндіктер пайда болады: сұрау бойынша төлем жасау, компаниялар мен мемлекет арасындағы есеп айырысулар, шетелге төлемдер және басқа да сервистер іске қосылады, – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Жүйе іске қосылғаннан бері ол арқылы шамамен 1 миллион транзакция өңделген. Бұл бірыңғай QR жүйесінің сұранысқа ие екенін көрсетіп отыр.