Грузия жаппай блэкаут салдарынан жарықсыз қалды

Ulysmedia
Фото: Moe Zoyari/ZUMA/picture alliance

Грузия жаппай блэкаут салдарынан жарықсыз қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

23 шілде күні кешке Грузия астанасы Тбилиси мен басқа да елдімекендерде электр жарығы өшіп қалды. Тбилисидегі аудандардың барлығында дерлік жарық бір уақытта өшкен. Жұртқа алдын ала ешкім ескертпеген.

Жергілікті БАҚ мәліметінше, Тбилиси, Батуми, Кутаиси, Телави, Боржоми, Бакуриани, Зугдиди сияқты қалалар жарықсыз қалған.

«Кавказский узел» онлайн басылымы электр жарығымен қамтамасыз ететін «Georgian Water and Power» компаниясы жарық «бүкіл елде өшкенін» растағанын жазды. Жарықтың өшуіне байланысты су тартатын станциялардың жұмысы тоқтап, Тбилиси, Рустави және Мцхети тұрғындарына су болмай қалуы мүмкін деген ескерту айтылған.

Жаппай блэкаут болуына Грузияға Түркиядан келетін электр жарығы линиясының істен шығуы себеп болғаны айтылуда. Алайда бұл ақпаратты кейіннен Грузия электр жүйесі мемлекеттік компаниясы жоққа шығарды. 

Грузиямен қатар мойындалмаған Абхазияда да жаппай электр жарығы өшкен. Аймақ билігі оны Ингур ГЭС-де болған апатпен байланыстырды. Кейіннен аймақта электр жарығы толықтай қалпына келтірілген. 

Грузия билігі жағдайға байланысты әзірге түсініктеме берген жоқ.