Сауда министрлігі АҚШ енгізген 12,5% кедендік бажға қатысты мәлімдеме жасады

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

ҚР Сауда және интеграция министрлігі АҚШ-тың қосымша кедендік баж енгізу туралы шешіміне байланысты түсінік берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Министрліктің мәліметінше, 2026 жылдың 23 шілдесінде АҚШ 1974 жылғы Сауда туралы заңның 301-бөлімі аясында жүргізілген тергеу қорытындысы бойынша түпкілікті шешім қабылдады.

– 2026 жылдың 24 шілдесінен бастап Қазақстанда өндірілген жекелеген тауарларға 12,5% мөлшерінде қосымша кедендік баж енгізіледі. Бұл шара АҚШ Сауда өкілдігі бекіткен ерекше  тауарлар тізбесіне енгізілген тауарларға қолданылмайды. Бұған дейін қолданылып келген 10% мөлшеріндегі уақытша импорттық үстеме белгіленген 150 күндік мерзімнің аяқталуына байланысты өз күшін жойды. Осыған байланысты бұрынғы үстеме жаңа кедендік бажға қосылмайды, – делінген хабарламада.

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің есептеулеріне сәйкес, Қазақстанның АҚШ-қа экспортталатын өнімдерінің шамамен 95%-ына қосымша кедендік баж бұрынғыдай қолданылмайды.

Ведомство қазақстандық экспорттаушылардың мүдделерін қорғау және өзара тиімді шешімдерге қол жеткізу мақсатында АҚШ тарапымен өзара іс-қимылды жалғастырып жатқанын мәлімдеді.