Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін жеке табыс салығы енгізілмейді

Ulysmedia
Pixabay.com

Қазақстанда өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға жеке табыс салығын енгізу мәселесі әзірше қарастырылып жатқан жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, өзін-өзі жұмыспен қамту институтын дамытуға қатысты түрлі тәсіл Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасы алаңында талқыланған.

Кездесуде өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарға қатысты салықтық реттеудің ықтимал нұсқалары да қарастырылған. Алайда бұл санаттағы азаматтарға жеке табыс салығын енгізу мәселесі көтерілмеген. Қазіргі таңда мұндай бастама күн тәртібінде жоқ.

— Жаңа Салық кодексі аясында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін тек әлеуметтік төлемдерді төлеу қарастырылған. Оның мөлшері 4 пайыз болады (айлық табысы 300 АЕК-тен аспаған, жалдамалы қызметкерлерді тартпай жұмыс істейтін және рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізіміне кіретін жағдайда), — деп хабарлады Ұлттық экономика министрлігі.

ӨЗІН-ӨЗІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТЫҒАНДАРДЫҢ МӘРТЕБЕСІ

Бұған дейін Ұлттық экономика министрлігі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға қатысты өзгерістерді Салық кодексіне енгізілетін кезекті түзетулер топтамасына қоспайтыны хабарланған еді.

Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің кезекті отырысында өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың құқықтық мәртебесіне қатысты шешім 2027 жылға шегерілген.

Билік өзін-өзі жұмыспен қамтудың нақты құқықтық анықтамасын беруді жоспарлап отыр, яғни ол жеке тұлға мен кәсіпкер арасындағы «өтпелі кезең» бе, дербес экономикалық қызмет түрі ме, әлде жұмыспен қамтудың ерекше санаты ма деген мәселе айқындалуға тиіс.

Осыған байланысты өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың қызметін қалай реттеу керектігі анықталады. Бұл мәселе оларды реттейтін Әлеуметтік кодекс пен Кәсіпкерлік кодексіне де әсер етеді. Қазір бұл сұраққа бірден нақты шешім қабылдау мүмкін болмай отыр.