Халықаралық қылмыстық сотқа мүше елдердің басым бөлігі бас прокурор Кәрім Ханды қызметінен босатуды қолдады. Нью-Йоркте өткен дауыс беруде 125 мемлекеттің 82-сі оны қызметінен шеттетуді қолдап дауыс берді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
24 шілдеде өткен жиында 13 мемлекет бұл шешімге қарсы шығып, тағы 15 ел қалыс қалды. Кәрім Хан отырысқа қатыса алмады. АҚШ енгізген санкцияларға байланысты оның ел аумағына кіруіне тыйым салынған.
Айта кетейік, АҚШ Рим статутына қосылмаған және Халықаралық қылмыстық соттың құзыретін мойындамайды.
Кәрім Ханға қандай айып тағылды?
56 жастағы ұлыбританиялық заңгер бір жылдан аса уақыт бұрын жыныстық қысым көрсету туралы айыптаулардан кейін өкілеттігін уақытша тоқтатқан еді. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын және тергеуде барлық сұраққа жауап беруге дайын екенін бірнеше рет мәлімдеген.
Дау 2024 жылғы мамырда басталды. Сол кезде Ханның көмекшілерінің бірі әріптестеріне бас прокурор тарапынан жыныстық сипаттағы қысым көргенін айтқан.
Осыдан кейін Халықаралық қылмыстық сотта ішкі тексеріс басталған. Алайда әйел ресми шағым беруден бас тартқан соң тексеріс тоқтатылды. Кейін қызметкер шешімін өзгертіп, айыптауларын көпшілік алдында растады.
Оның сөзінше, Кәрім Хан бірнеше ай бойы жеке шекарасын бұзып, кейін жыныстық қатынасқа мәжбүрлеген.
Дегенмен 2026 жылғы наурызда Халықаралық қылмыстық сот құрған тәуелсіз сарапшылар тобы Ханның заңсыз әрекет жасағанын нақты дәлелдеуге айғақтар жеткіліксіз деген қорытындыға келген. Сондай-ақ, сарапшылар оның қызметтік міндеттерін бұзғанын да анықтай алмаған.
Путин мен Нетаньяхуды қамауға алу туралы ордер беруге бастамашы болған
Кәрім Хан 2021 жылғы маусымнан бері Халықаралық қылмыстық сот прокуратурасын басқарды. Осы кезеңде ол соттың ең танымал басшыларының біріне айналды.
2023 жылы оның бастамасымен Халықаралық қылмыстық сот Ресей президенті Владимир Путин мен балалар құқығы жөніндегі уәкіл Мария Львова-Белованы украиналық балаларды заңсыз әкетуге қатысы бар деген айыппен қамауға алуға ордер шығарды.
Кейін Ресей соты Кәрім Ханды сырттай 15 жылға бас бостандығынан айырды.
2024 жылы Хан Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху, бұрынғы қорғаныс министрі Йоав Галант және ХАМАС ұйымының бірнеше басшысын соғыс қылмыстары мен адамзатқа қарсы қылмыстар жасады деген күдікпен қамауға алу туралы ордер беруге бастамашы болды.
Осыдан кейін Израиль мен АҚШ прокурордың әрекетін қатаң сынға алды. Ал Дональд Трамп әкімшілігі Кәрім Ханға және Халықаралық қылмыстық соттың басқа да өкілдеріне санкция енгізді.
Прокурорды қолдаушылар оған тағылған айыптардың саяси астары болуы мүмкін екенін айтқан. Алайда шағымданған әйел бұл пікірді жоққа шығарды.