Бекет ата мен Маңғыстаудағы тағы төрт киелі орын бүкіләлемдік мұра деп танылды

Ulysmedia
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Маңғыстаудағы жартасты мешіттер мен оларға қатысты киелі нысандар ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілді. Бұл шешім Пусан қаласында өткен Бүкіләлемдік мұра комитетінің 48-сессиясында қабылданды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Ғасырлар бойы сақталған мұра

ЮНЕСКО тізіміне Маңғыстаудағы бес киелі кешен бірден енді. Олар - Шопан ата, Қараман ата, Шақпақ ата, Сұлтан епе және Бекет ата.

Бұл кешендер тек жартастан қашалған мешіттерден тұрмайды. Олардың құрамына көне қорымдар, ел қадірлеген сопы ұстаздардың жерленген орындары, қасиетті құдықтар және өзге де діни нысандар кіреді.

Бұл орындар ғасырлар бойы зиярат ету орталығы болып келеді. Мұнда киелі орындарды күтіп-баптап, оларға қатысты дәстүрлерді кейінгі ұрпаққа жеткізетін шырақшылық дәстүр де сақталған.

- Бұл нысан Маңғыстауда сопылық рухани дәстүр мен көшпелі халықтар мәдениетінің ғасырлар бойғы ықпалдастығы негізінде қалыптасқан бірегей киелі кеңістікті көрсетеді, - деп сипаттайды кешенді Мәдениет министрлігі.

Маңғыстаудағы жартасты мешіттерді ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмыстары Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен басталған. Президент мұндай міндетті 2024 жылы Атырауда өткен Ұлттық құрылтай отырысында қойған еді.

Бес кешеннің барлығы мемлекет қорғауына алынған және республикалық маңызы бар тарих және мәдениет ескерткіштерінің тізіміне енгізілген.

Оларды алдағы уақытта сақтау үшін билік 2027–2032 жылдарға арналған бірыңғай басқару жоспарын әзірлеп жатыр. Құжатта ескерткіштердің өзі мен оларды қоршаған киелі кеңістікті қорғау, келушілер ағынын реттеу, ықтимал қауіптердің алдын алу және ғылыми зерттеу жұмыстарын жүргізу қарастырылмақ.