Трамп Иранға жаппай соққы беру жоспарын кейінге қалдырды - NYT

Ulysmedia

АҚШ президенті Дональд Трамп әзірге Иранға жаңадан ауқымды соққы жасамау туралы шешім қабылдады. Бұл туралыThe New York Times газеті жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Басылымның мәліметінше, Ақ үй басшысы мұндай шешімді 24 шілдеде өзінің ең жақын кеңесшілері мен әкімшіліктің негізгі өкілдері қатысқан жабық жиыннан кейін қабылдаған.

Вашингтон неге асықпауға шешім қабылдады?

Дереккөздердің айтуынша, басты себептердің бірі - қақтығыс одан әрі ушыққан жағдайда Таяу Шығыста орналасқан Patriot кешендері мен өзге де әуе қорғанысы жүйелеріне арналған америкалық тосқауыл зымырандарының қоры тез таусылып қалуы мүмкін деген қауіп.

Алайда NYT мәліметінше, бұл жалғыз себеп емес. АҚШ әкімшілігі соғыстың жаңа кезеңі бүкіл аймақты шарпып, Парсы шығанағындағы маңызды одақтастармен қарым-қатынасқа сызат түсіруі мүмкін деп алаңдайды.

Сондай-ақ, мұндай жағдай әлемдік экономикалық дағдарысты күшейтіп, энергетика нарығына қосымша қысым түсіріп, босқындардың жаңа легіне әкелуі ықтимал.

Соғыстың жаңа кезеңін бәрі бірдей қолдамайды

Газеттің мәліметінше, Дональд Трамптың ең жақын ортасындағы санаулы адамдар ғана ауқымды әскери қимылдарды қайта бастау орынды қадам деп санайды.

Журналистерге аты-жөнін атамау шартымен пікір білдірген америкалық жоғары лауазымды шенеуніктердің бірі мұндай қадамның тиімді боларына күмән келтіретінін айтқан.

Оның пікірінше, жаңа соққылар Иранды ұстанымынан бас тартуға және келіссөз үстеліне қайта оралуға мәжбүрлей қоюы екіталай.