Қазақстандағы бес ЖЭО қыс алдында «қызыл аймақта» тұр

Ulysmedia
Үкіметтің баспасөз қызметі

Қазақстанда бес жылу электр орталығы әлі де жоғары тәуекелді нысандар қатарына жатады. Ал 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында электр станцияларын жөндеуге 384 млрд теңге бағытталады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

«Қызыл аймақта» Семей, Орал және Тараз қалаларындағы ЖЭО, сондай-ақ Ақтаудағы ЖЭО-2 мен Теміртаудағы ГРЭС-1 бар.

Үкіметтің баспасөз қызметі жүргізіліп жатқан жөндеу жұмыстарынан кейін жыл соңына қарай елдегі электр станциялары жабдықтарының орташа тозу деңгейі 52 пайызға дейін төмендейтінін мәлімдеді.

– 2026 жылы тоғыз энергоблокты, 55 қазандық пен 51 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта екі энергоблок толық дайын, тағы екеуінде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. 55 қазандықтың 13-інде жұмыс аяқталды, 27-сі жөнделу үстінде. Сондай-ақ сегіз турбина дайын, тағы 16 турбина бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Бұдан бөлек, 500-ден астам қосалқы жабдыққа ағымдағы жөндеу жүргізілуде, – делінген Үкіметтің баспасөз қызметі ақпаратында.

Биыл электр станцияларының иелері жөндеу жұмыстарына 384 млрд теңге жұмсайды. Бұл қаражат электр энергиясы тарифіне енгізіледі. Ал қай жабдықты бірінші кезекте жөндеу керегін станциялардың өздері анықтайды.

КҮН СУЫТҚАНША ҮЛГЕРЕМІЗ БЕ?

Жөндеу жұмыстарының аяқталу мерзімі өңірге байланысты болады. Қазақстанның солтүстік және шығыс аймақтарында жылу желілері 1 қыркүйекке дейін дайын болуға тиіс, ал станциялардағы негізгі жөндеу жұмыстары 15 қыркүйекке дейін аяқталуы керек.

Елдің оңтүстік және батыс өңірлерінде негізгі жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.

Қазір электр станцияларының қоймаларында 3,5 млн тонна көмір және 143 мың тонна мазут қоры бар. Ал алдағы қыс маусымында халық пен коммуналдық кәсіпорындарға қосымша 7,3 млн тонна көмір қажет болады.

Айта кетейік, 15 тамыздан бастап республикалық штаб жұмысын бастайды. Ол қатты отын жеткізілуін бақылап, жасанды тапшылық пен бағаның негізсіз өсуіне жол бермеу шараларын қабылдайды.