Артықбаевтың «Қазақтелекомдағы» үлесі «Самұрық-Қазынаға» өтті

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

«Самұрық-Қазына» қоры ірі бизнесмен Нұрлан Артықбаевқа тиесілі компаниядан «Қазақтелеком» акцияларын сатып алғанын іс жүзінде растады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

МӘН-ЖАЙ

Қордың сауалымызға берген жауабында 30 сәуірде KASE биржасынан «Қазақтелеком» АҚ-ның 10,43% жай акциясын сатып алғаны айтылған. Нәтижесінде қордың компаниядағы үлесі 91,28%-ға дейін өскен.

«Самұрық-Қазына» акцияларды нақты кімнен сатып алғанын тікелей көрсетпеген. Алайда Нұрлан Артықбаевқа тиесілі TelecomSystems Ltd компаниясы енді «Қазақтелеком» акционерлері қатарында жоқ. Осыған байланысты акциялардың сол компаниядан сатып алынғаны болжанады.

Мәміле сомасы коммерциялық құпияға байланысты жарияланбаған.

Қордың түсіндіруінше, «Қазақтелеком» акцияларын сатып алу туралы шешім нарықтағы жағдайды, компанияның инвестициялық тартымдылығын және жаңа стратегиясын (соның ішінде жасанды интеллект енгізу мен инфрақұрылымды жаңғыртуды) ескере отырып қабылданған.

Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» сатып алынған акцияларды ұзақ уақыт ұстап отырмайтын сияқты. Қор мәміленің мақсаты — компания өсім кезеңінде қордың үлесін шоғырландырып, кейін акцияларды нарыққа неғұрлым тиімді жағдайда шығару екенін атап өтті.

— Бұл мәміле қордың ұзақмерзімді жоспарларына сәйкес келеді, — деп мәлімдеді «Самұрық-Қазына».

Қордың пікірінше, «Қазақтелекомдағы» квазимемлекеттік үлестің артуы компанияның операциялық моделіне әсер етпейді. Керісінше, бұл провайдердің қаржылық және инвестициялық тұрақтылығын күшейтуге мүмкіндік береді.

«ҚАЗАҚТЕЛЕКОМ» БОЙЫНША МӘМІЛЕ

Бұған дейін Нұрлан Артықбаевтың TelecomSystems Ltd компаниясы «Қазақтелекомның» акционерлері қатарынан шыққаны белгілі болған. Ол бұған дейін провайдердің 8,9% жай акциясына иелік еткен.

Ал «Самұрық-Қазына» қорындағы үлес 91%-дан асты. Артықбаевтың компаниясы акция иесі болған кезеңде «Қазақтелекомнан» дивиденд алып үлгерген.