Қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров 80 жасқа толды

Ulysmedia
Gov.kz

Бүгін, 27 шілде күні тұңғыш қазақ ғарышкері, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, авиация генерал-майоры Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіров 80 жасқа толды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

БАЛАЛЫҚ ШАҒЫ

Тоқтар Әубәкіров 1946 жылғы 27 шілдеде Қарағанды облысының Бірінші май ауылында дүниеге келді. Болашақ батыр жастайынан авиацияға қызығып, мектеп қабырғасында аэроклубқа қатысып, алғашқы парашюттік секірулерін жасады. Орта мектепті тәмамдаған соң Армавир жоғары әскери авиациялық училищесіне оқуға түсіп, әскери ұшқыш мамандығын игерді. Кейін Қиыр Шығыста әскери авиация бөлімдерінде қызмет атқарып, жоғары кәсіби даярлығының арқасында бірінші дәрежелі әскери ұшқыш атанды.

Білімін, тәжірибесін үздіксіз жетілдіруге ұмтылған Тоқтар Әубәкіров сынақшы-ұшқыш болуды мақсат етіп, осы жолда көптеген қиындықтарды еңсерді. 1975 жылы сынақшы-ұшқыштар құрамына қабылданып, 1976 жылдан бастап Мәскеудегі А. Микоян атындағы тәжірибелік-конструкторлық бюрода қызмет етті. Осы кезеңде елуден астам жаңа үлгідегі әскери ұшақты сынақтан өткізіп, авиациялық техниканың сенімділігі мен жауынгерлік мүмкіндіктерін жетілдіруге зор үлес қосты. Ерекше күрделі сынақтарды сәтті орындауы оның кәсіби шеберлігін халықаралық деңгейде мойындатты.

ТАРИХИ РЕКОРД

1988 жылы Тоқтар Әубәкіров Кеңес Одағы тарихында алғаш рет әуеде екі мәрте жанармай құйып, Солтүстік полюске дейін ұшу тапсырмасын орындады. Осы ерлігі үшін оған Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. 1989 жылы ол «МиГ-29К» палубалық жойғыш ұшағын авиакрейсерге қондырып, кейін сол кемеден трамплин арқылы қайта көтерілген әлемдегі алғашқы ұшқыш атанды. Бұл жетістік Гиннестің рекордтар кітабына енді.

ҒАРЫШҚА ЖОЛ

1991 жылғы 2 қазанда Тоқтар Әубәкіров «Союз ТМ-13» ғарыш кемесімен ғарышқа ұшып, қазақ халқының ғасырлар бойғы арманын жүзеге асырды. Ол «Мир» орбиталық стансасында 7 тәулік 22 сағат 13 минут болып, ғылыми бағдарламаны табысты орындады. Экология, медицина, биология және материалтану бағыттары бойынша маңызды тәжірибелер жүргізіп, Арал теңізіне қатысты зерттеулері халықаралық ғылыми қауымдастықтың жоғары бағасына ие болды.

ЕЛ ҚЫЗМЕТІНДЕ

Тәуелсіздік алғаннан кейін Тоқтар Әубәкіров Президенттің ғарыш мәселелері жөніндегі кеңесшісі болды. 1992–1993 жылдары Қорғаныс министрінің орынбасары қызметін атқарып, Қазақстан Қарулы күштерінің қалыптасуына үлес қосты. Кейін бірнеше мәрте Мәжіліс депутаты болып сайланып, қоғамдық-саяси өмірге белсенді араласты.

ХАЛЫҚ ҚАhАРМАНЫ

Бүгінде Тоқтар Оңғарбайұлы зейнет демалысында болғанымен, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, әскери қызметтің беделін арттыру және ұлттық құндылықтарды насихаттау бағытындағы қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысып келеді. Ол – Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, «Отан» орденінің және өзге де жоғары мемлекеттік әрі халықаралық наградалардың иегері.