Қазақстан КҚК арқылы мұнай экспортын қайта бастады

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және Новороссийск портындағы теңіз терминалы арқылы шикізат тиеу операцияларын қайта бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz ҚР Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Қазіргі уақытта КҚК-ның екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеп жатыр. Бұл кемелер «Теңізшевройл» ЖШС мұнайын қабылдады.

Министрдің кеңесшісі – Энергетика министрлігінің ресми өкілі Әсел Серікпаеваның мәліметінше, мұнай қабылдаудың қайта жандануы қазақстандық мұнай өндіруші компанияларға шикізатты құбыр жүйесіне жеткізуді жалғастыруға және теңіз терминалы арқылы экспорттық операцияларды қайта іске қосуға мүмкіндік береді.

– Теңіз терминалындағы операциялар ағымдағы жағдайды бағалау және қауіпсіздік талаптарын сақтау ескеріле отырып жүргізіліп жатыр, – делінген хабарламада.

Энергетика министрлігі КҚК басшылығымен, ірі жүк жөнелтушілермен және басқа да мүдделі тараптармен тұрақты байланыста екенін мәлімдеді. Ведомство қазақстандық мұнайды тасымалдау процесін бақылауды және үйлестіруді жалғастыратынын хабарлады.

МҰНАЙ ӨНДІРУ ЖАҒЫ ҚАЛАЙ?

Reuters агенттігінің мәліметінше, 26 шілдеде КҚК арқылы мұнай жөнелту тоқтатылғаннан кейін Қазақстандағы мұнай өндірісі маусым айындағы орташа тәуліктік көрсеткішпен салыстырғанда екі есеге жуық төмендеген. Көрсеткіш тәулігіне 2,16 млн баррельден 1 млн баррельге дейін түскен.

Бұған дейін Reuters Қазақстан мұнайын КҚК бағыты арқылы жеткізу 27 шілдеде қайта басталуға тиіс екенін хабарлаған.

КҚК төңірегіндегі жағдай

Каспий құбыр консорциумы (КҚК) 21 шілдеде Қара теңіздегі кемелерге жасалған дрон шабуылдарына байланысты қазақстандық мұнайды қабылдауды уақытша тоқтатты. Танкерлер иелері Новороссийск маңындағы терминалға кемелерін жіберуге қауіптенгендіктен, КҚК теңіз терминалы арқылы мұнай тиеуді тоқтатуға мәжбүр болды.

КҚК теңіз терминалы арқылы мұнай жөнелтуді тоқтатқаннан кейін Қазақстандағы мұнай өндіру көлемі айтарлықтай төмендеді. Ең үлкен соққы «Теңіз» кен орнына тиді, онда өндіріс көлемі екі еседен астам қысқарған.

КҚК арқылы мұнай жеткізудің тоқтауының салдарын Қазақстан мұнайына қатты тәуелді Румыния да сезінді.