Маусым айында қазақстандықтар қолма-қол доллар мен еуроны белсенді түрде сатып алған. Ал рубльге қатысты ахуал өзгерген: айырбастау орындарында халықтан қабылданған ресейлік валюта көлемі сатылған рубльден асып түскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
АЙЫРБАСТАУ ОРЫНДАРЫНДА РУБЛЬ АРЗАНДАДЫ
Маусым айында қазақстандықтар айырбастау орындарына рубльді көбірек өткізген. Айырбастау орындары халықтан сатқанынан 17,5 млрд теңгеге артық рубль сатып алған.
Дегенмен бұл көрсеткіш біртіндеп төмендеп келеді. Мамыр айымен салыстырғанда айырмашылық 42%-ға азайса, бір жыл ішінде 57%-ға қысқарған.
Бірінші кредиттік бюро сарапшыларының айтуынша, халықтың айырбастау орындарына рубльді көп әкеліп, аз сатып алуы соңғы алты жарым жылда алғаш рет 2022 жылдың қыркүйегінде байқалған. Содан бері мұндай жағдай жиілей түскен.
Сарапшылар маусымдағы өзгерісті теңгенің рубльге қатысты нығаюымен байланыстырады. Бір ай ішінде ресейлік валютаның ресми бағамы 10,1%-ға төмендеген. Егер 1 маусымда 1 рубль 6,83 теңге болса, 1 шілдеде бұл көрсеткіш 6,14 теңгеге дейін түскен.
Рубль бойынша мұндай үрдіс Қазақстанның 12 өңірінде байқалған. Оның 71%-ы Алматы мен Астана қалаларының үлесіне тиесілі.
Ал сегіз өңірде жағдай керісінше қалыптасқан. Бұл аймақтардың тұрғындары рубльді сатып алуға көбірек қызығушылық танытқан.
Рубльге сұраныс ең жоғары болған өңір – Қарағанды облысы. Мұнда халық сатып алған рубль көлемі айырбастау орындарына өткізілген валютадан 1 млрд теңгеге артық болған.
ДОЛЛАР МЕН ЕУРОҒА СҰРАНЫС КӨБЕЙДІ
Ал доллар мен еуроға келгенде қазақстандықтардың таңдауы мүлде басқаша болған. Маусым айында халық қолма-қол шетел валютасын сатып алуды айтарлықтай арттырған.
Қолма-қол доллардың таза сатылымы 126,5 млрд теңгеге жетті. Бұл көрсеткіш бір ай ішінде 94% өскен.
Еуроға деген сұраныс одан да жоғарылаған. Оның таза сатылым көлемі 25,7 млрд теңге болып, соңғы 16 айдағы ең жоғары деңгейге жеткен.
Бір ай ішінде еуро сатылымы 2,2 есе артса, бір жыл ішінде бұл көрсеткіш 22,4 есе көбейген.