1,2 млрд доллар: «Самұрық-Қазына» бутадиен зауытына қаржы іздей бастады

Ulysmedia
atr.kz

«Бутадиен» ЖШС Атырау облысында салынатын зауыттың құрылысын қаржыландыру үшін 543,5 млн юань (шамамен 80 млн доллар) көлемінде облигация шығарды. Жобаны жүзеге асыру үшін жалпы сомасы 1,2 млрд долларға дейін қаржы тартылуы мүмкін, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ЗАУЫТ ҚҰРЫЛЫСЫНА ҚАРЖЫ КЕРЕК

Қаржы сарапшысы Арман Батаев өзінің Finmentor.kz Telegram-арнасында «Бутадиен» ЖШС Астана халықаралық биржасында (AIX) 1,2 млрд доллар көлеміндегі облигациялық бағдарлама тіркегенін хабарлады.

Компания бұл қаражатты елдің батысында бутадиен өндірісін іске қосуға жұмсамақ. Қаржы өндірістік құрал-жабдық сатып алуға, инфрақұрылым салуға және айналым қаражатын толықтыруға бағытталады.

Облигацияларды «Бутадиен» компаниясының бас ұйымы – «Самұрық-Қазына» квазимемлекеттік қорының құрылымына кіретін Samruk-Kazyna Ondeu ЖШС сатып алуды жоспарлап отыр.

Бұл қаражат «Бутадиен» ұзақ мерзімді сыртқы несие тартқанға дейінгі аралық қаржыландыру ретінде пайдаланылады. Облигациялық бағдарламаның мерзімі – бес жыл.

ЖОБА ҚАЛАЙ ӨЗГЕРЕДІ?

«Бутадиен» ЖШС 2012 жылы «ҚазМұнайГаз» бен ресейлік «Татнефть» компаниясының бірлескен кәсіпорны ретінде құрылған. Алайда 2026 жылдың басында ресейлік компания санкцияларға байланысты жобадан шыққан. Қазір кәсіпорынды іс жүзінде «Самұрық-Қазына» бақылап отыр.

Жылына 300 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы зауыттың құрылысын қытайлық Sinopec Guangzhou Engineering компаниясына сеніп тапсырған.

Сарапшылардың пікірінше, жобаны қаржыландырудың юаньмен тартылуы осыған байланысты болуы мүмкін.