Әлеуметтік сауалнамаларға сәйкес, Қазақстанда темекі шегетіндер саны азайып келеді. Алайда соған қарамастан елде темекі өндірісі айтарлықтай өскен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТЕМЕКІ ШЕГЕТІНДЕР АЗАЙЫП КЕЛЕДІ
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, 2026 жылы Қазақстандағы темекі шегетіндердің үлесі 15,1%-ға дейін төмендеген. Бұған дейін бұл көрсеткіш жоғары болған: 2025 жылы – 17,5%, ал 2024 жылы – 20,7% болған.
Дегенмен бұл – іріктемелі әлеуметтік сауалнамалардың нәтижесі. Сондықтан аталған деректерге қарап қана елдегі темекі тұтынушылардың нақты үлесін дәл анықтау қиын. Алайда жалпы үрдіс айқын: темекі шегетінін мойындайтын адамдар саны азайып келеді.
– 2026 жылы ер адамдардың 30,5%-ы және әйелдердің 4,9%-ы темекі тұтынатынын айтқан. Бір жыл бұрын бұл көрсеткіштер тиісінше 34 және 5 пайыз болса, 2024 жылы 39,8 және 7,6% болған, – дейді сарапшылар.
ЕҢ АЗ ШЕГЕТІН ӨҢІРЛЕР
Сауалнама нәтижесіне сәйкес, Қазақстандағы темекіні ең аз шегетін өңір – Түркістан облысы. Мұнда сауалнамаға қатысқандардың тек 10,5%-ы темекі өнімдерін тұрақты қолданатынын айтқан.
Темекі тұтыну деңгейі төмен өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан облысы (10,6%) мен Павлодар облысы (11%) да бар.
Ал зиянды әдетке ең көп бейім аймақ – Ұлытау облысы. Мұнда темекі шегетіндердің үлесі 20,2% болған.
Одан кейін Жетісу облысы (18,5%), Астана қаласы мен Қарағанды облысы (17,6%-дан) орналасқан.
НИКОТИН ҚЫМБАТТАП БАРАДЫ
Сонымен қатар Қазақстанда темекі өндірісі артқан. 2026 жылдың алғашқы жартысында елде 14,2 млрд дана темекі өнімі шығарылған. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 35,2% көп.
Ішкі нарықтағы сұраныстың 89,9%-ы отандық өндіріс есебінен қамтамасыз етілген.
Қазақстан өндірген темекінің едәуір бөлігі экспортқа шығарылады. Қаңтар-мамыр айларында шетелге 6,7 млрд дана темекі өнімі жөнелтілген.
Ал бағаға келсек, бір жыл ішінде Қазақстанда темекі өнімдері 12,2 пайызға қымбаттаған. Баға ең көп Маңғыстау облысында (+19,9%), Атырау облысында (+15,8%) және Қызылорда облысында (+14,1%) өскен.