Алматының Алмалы аудандық сотында ҚазТАГ пен Freedom Finance компаниясы арасындағы дауға байланысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында іс бойынша күдікті деп танылған басылымның бас редакторы Әмір Қасеновтан жауап алдынды, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Әмір Қасенов прокурор мен Freedom Finance өкілдерінің сұрақтарына жауап бермейтінін, тек судьяның сұрақтарына ғана жауап беруге дайын екенін айтты. Ол өзінің бұл шешімін кеше өткен сот отырысында барлық мән-жайды айтуымен байланыстырды. Бірақ кейіннен тараптардың қойған сұрағына пікір білдіріп, мұны сұраққа жауап беру емес, сотқа істің жай-жапсарын жеткізу деп түсіндірді.
Freedom Finance өкілінің сұрақтарына жауап беру барысында Қасенов басылымда жарияланған деректердің барлығы іс бойынша куә деп танылған заңгер Светлана Оралбаеваның сөздері екенін тағы да қайталады. Ол өздігінен ешнәрсе қоспағанын айтты.
– Материалдарда айтылған дүниелердің барлығының түпкілікті дереккөзі бар. Бұл жерде ол дереккөз – Оралбаева. Сіз неге мен айтты дейсіз? Мен журналистпін, менің ондай құқығым жоқ, – деді Қасенов сотта берген жауабында.
Бұған дейінгі сот отырысында жауап берген Светлана Оралбаева «ҚазТАГ» агенттігінің Freedom Finance туралы жариялаған даулы материалдарының тақырыбын, соның ішінде «алаяқтық схемалары» және «топ-менеджерлер» деген тіркестерді агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновтің өзі қойғанын мәлімдеген.
Freedom Finance компаниясы өкілінің «Не себепті жарияланған 250 мақалада Тимур Турловты: «Шыққан тегі ресейлік олигарх» деп жаздыңыздар?» деген сұрағына Әмір Қасенов: «250 материал жарияланған жоқ» деп жауап берді. Ол іс материалдарында дау туғызған бар болғаны 12 мақала барын айтты.
– Сіз неге сотты жаңылыстырып отырсыз? Істе 12 мақала бар, сіз 250 мақаланы қайдан алып тұрсыз? Егер қылмыстық істе 250 мақала болса, мен оған жауап берер едім, – деді ол.
Бүгінгі сот отырысында ҚазТАГ басылымының жарияланған материалдарға қатысты Freedom Finance компаниясына ресми сауал жолдауына қатысты мәселе де айтылды. Әмір Қасенов компанияның баспасөз қызметіне айтылған даулы мәселелерге қатысты жауап беруді сұрап, сауал жолдағанын айтты. Ол қажет болса электронды поштасын ашып, көрсетуге дайын екенін мәлімдеді. Бірақ «Тек іске қатысты деректерді ғана зерттеуге келісім беремін» деді.
– Құрметті сот, журналист ретінде дереккөздерімнің құпиялығы мен үшін өте маңызды. Мен осы сот отырысының қорытындысы бойынша сіздің шығарған кез келген шешіміңізді қабылдаймын. Мен бірінші кезекте журналистпін, журналист болып қаламын... Арымнан аттап кете алмаймын, – деді Қасенов.
Оған прокурор мен Freedom Finance өкілдері қарсылық білдірді. Олар егер электронды поштадағы ресми сауалды зерттейтін болсақ, ондағы деректердің барлығын зерттеу қажет екенін алға тартты.
Тараптардың пікірін тыңдаған соң судья Ернар Қасымбеков «Қасеновтің электронды поштасындағы ресми сауалды ғана емес, ондағы деректердің барлығын зерттеу қажет екенін» айтып, Қасеновтің өтінішін қанағаттандырмады.
Бұған дейін Светлана Оралбаева мақалалар жарияланар алдында редакция тарапынан ресми сауалдар жолданды деген мәлімдемеге күмән келтіріп, басылымның бұл уәжіне сенімсіздік білдірген. Kursiv.media сайтының жазуынша, биыл 6 шілдеде Светлана Оралбаева Freedom Finance компаниясымен медиациялық келісімге келген.
Контекст
Былтыр желтоқсанның басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен басылымның бас редакторы Әмір Қасенов «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікке ілінген. Көктемде Матаевқа бұл баппен қозғалған іс тоқтатылғаны белгілі болды. Маусымның басында Әмір Қасенов президент Тоқаевқа қарата жасаған видеомәлімдемесінен кейін үйқамақтан абақтыға ауыстырылған. Ол үндеуінде соттың ашық өтуін талап еткен.
Сот процесі Алматының Алмалы аудандық сотында ашық өтіп жатыр. Бірақ БАҚ өкілдері процесті көршілес залдан бақылап отыр.
ҚазТАГ үстінен бизнесмен Тимур Турлов басқаратын Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Ал Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.