Жұмыссыз қалғандарға төленетін жәрдемақы қандай жағдайда азаяды?

Сырым Қаржас
Ulysmedia.kz коллажы

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жұмысынан айырылғандарға төленетін әлеуметтік төлем тәртібі қашан өзгеретінін нақтылады. Төлемнің ең ұзақ мерзімі бұған дейін айтылғандай 2026 жылғы 1 қазаннан емес, 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап үш айға дейін қысқарады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Қазаннан бастап не өзгереді?

1 қазаннан бастап жұмыспен қамту қызметтерінің жаңа жұмыс тәртібі пилоттық жоба ретінде іске қосылады.

Басты өзгеріс - азаматқа жұмыссыз мәртебесі берілгенге дейін лайық жұмыс іздеуге бөлінетін уақыт екі күннен 13 күнге дейін ұзартылады.

Еңбек министрлігінің түсіндіруінше, осы аралықта мансап орталығының мамандары жұмыс іздеушінің тәжірибесін, білімі мен дағдыларын, сондай-ақ, қажеттіліктерін жан-жақты зерделеп, оған лайық бос жұмыс орындарын ұсынуы және жұмыс берушілермен байланыс орнатуға тиіс.

Мақсат - мансап орталығына жүгінуді жай ғана есепке қою рәсімімен шектемей, адамға жұмыс табуға нақты көмек көрсету.

Әлеуметтік төлем әзірге бұрынғы тәртіппен беріледі

Пилоттық жоба кезінде жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем қолданыстағы тәртіп бойынша тағайындала береді.

Оны алуға құқығы бар азаматтар төлемді бұрынғы шарттармен ала алады.

Сонымен қатар, мансап орталықтары мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры филиалдарының қызметкерлері жаңа жұмыс тәртібіне үйретіледі.

Негізгі назар жұмыс іздеушіге лайықты бос орын табуға, оның кәсіби мүмкіндігін бағалауға және жұмысқа орналасқанға дейін сүйемелдеуге аударылады.

Жаңа тәртіп 2027 жылдан бастап енгізіледі

Әлеуметтік төлемнің ең ұзақ мерзімін үш айға дейін қысқарту 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

Бұл өзгерістер 2026 жылғы 11 маусымда қабылданған Әлеуметтік кодекске енгізілген түзетулерде көзделген.