Ресей президенті Владимир Путин Қазақстан және Өзбекстанмен әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімдерді өзгерту жөніндегі келіссөздерді бастауға үкіметке рұқсат берді. Тиісті құжаттар 27 шілдеде жарияланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
МӘН-ЖАЙ
Келісімдер Ресейдің Қазақстан мен Өзбекстанға қару-жарақ, әскери техника және арнайы өнімдер жеткізуін ғана емес, екіжақты әскери өндіріс саласындағы ынтымақтастықты да реттейді. Құжаттар аясында тараптар әскери техниканы жөндеу және жаңғырту, бірлескен зерттеулер жүргізу, өндіріс орындарын құру және мамандар даярлау бағытында жұмыс істей алады.
Өзгерістер Қазақстанмен 2013 жылы жасалған, ал Өзбекстанмен 2016 жылы бекітілген келісімдерге қатысты болады. Келісімдерді жаңарту туралы шешім Ресейге қарсы енгізілген халықаралық санкциялар күшейген кезеңде қабылданып отыр. АҚШ пен Еуроодақ Ресейге әскери мақсатта қолданылуы мүмкін қару-жарақ, технологиялар, электроника, оптикалық құрылғылар және қос мақсаттағы тауарлардың экспортын шектеген.
Батыс елдері Ресейдің кейбір қажетті бөлшектерді санкцияға қосылмаған мемлекеттер арқылы алуға тырысып жатқанын бірнеше рет мәлімдеген.
ҚАЗАҚСТАННАН РЕСЕЙГЕ ӘСКЕРИ ӨНДІРІСТЕ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ӨНІМДЕР БАРҒАН
27 шілдеде The Insider басылымы Қазақстаннан Ресейге бериллий оксидінен жасалған керамика жеткізілгені туралы зерттеу жариялады.
Бұл материал әскери радиоэлектроникада, радарлар, әуе қорғаныс жүйелері және зымыран кешендерінің кейбір бөлшектерін жасауда қолданылады. Зерттеуде 2025 жылы мұндай өнім экспорты шамамен 8 млн долларға жеткені, ал бұған дейін жылына шамамен 1 млн доллар көлемінде болғаны жазылған. Аталған өнімді ресейлік әскери кәсіпорындармен байланысты компаниялар сатып алғаны айтылған. Қазақстан тарапы бұл ақпаратқа қатысты ресми түсініктеме берген жоқ.