«Ол мені пышақпен ұрды»: Шерхан Аймахан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты өз нұсқасын айтты

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

Шымкентте 21 жастағы Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты сот процесі жалғасып жатыр. Бүгін сот айыпталушы Шерхан Аймаханнан жауап алуды бастады. Ол қайғылы оқиға болған кеш туралы өз нұсқасын айтып, алғашқы болып Нұрайдың өзіне пышақ сұққанын мәлімдеді. Ал кейінгі болған жағдайлар есінде жоқ екенін жеткізді. Марқұмның отбасы айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етіп отыр. Кезекті сот отырысында не айтылғанын Ulysmedia.kz тілшісі баяндайды.

«Мен аффект жағдайында болдым»

Аймахан сотта Нұраймен қарым-қатынасы туралы айтып берді. Оның сөзінше, бастапқыда екеуі кездесіп жүрген, алайда кейін араларында жиі жанжал шыға бастаған. Айыпталушы қыздың өзін қорлап, ұрысқанын айтты.

Шерхан Аймахан осы жағдайлардан кейін бірде қолын кесіп алғанын жеткізді. Сот отырысында ол таңылған сол қолын көрсетті.

Айыпталушының айтуынша, 11 қаңтарда ол Нұрайды сауда орталығына шақырып, қарым-қатынасты түбегейлі тоқтатпақ болған. Өзімен бірге қызға қайтарғысы келген жүзігі болған.

– Айырылысатынымызды айтқан кезде, ол ашуланып, жүзікті лақтырып жіберді. Мен де ашуландым. Нұрай мені пышақпен ұрды. Сол сәтте мен аффект жағдайында болдым. Одан кейін не болғанын есіме түсіре алмаймын, – деді Аймахан.

Сот барысында оның қолына пышақтың қалай түскені де сұралды. Аймаханның айтуынша, пышақтар көлігінің тартпасында тұрған. Ол оларды жүзікті қайтару үшін кездесуге бара жатқанда алғанын айтты. Бір пышақты қалтасына салып қойғанын, бірақ оны «тіпті байқамай қалғанын» жеткізді.

– Ол ашуланған кезде мен оған: «Онда мені пышақпен ұр» дедім. Ол менің оң жақ бүйірімнен ұрған соң, кейін шегіндім. Одан кейін не болғанын білмеймін, – деді айыпталушы.

Судья Аймахандан кісі өлімінен кейін не болғанын сұрады. Оның сөзінше, тек келесі күні есін жиып, қай жерде тұрғанын түсінбеген.

– Қан жоғалтып жаттым, не болып жатқанын түсінбедім. Келесі күні далада есімді жидым. Жолға барып, көлік тоқтаттым. Сол кезде не болғанын түсіндім. Мені нақты қай жерде ұстағанын білмеймін. Тек жанымда жол болғанын және көліктер жүргенін білемін. Сол күннен кейін бірнеше апта бойы жүрдім, не болып жатқанын түсінбедім, – деді айыпталушы.

Сонымен бірге ол есте сақтау қабілеті мен психологиялық жағдайына қатысты мәселелері болғанын айтты. Оның сөзінше, бірнеше жыл бұрын бассейнде басынан жарақат алған, содан кейін оған диагноз қойылған.

Алайда сот-психиатриялық сараптама Аймаханды есі дұрыс деп таныған.

Жауап алу кезінде айыпталушы марқұмның отбасынан және өз туыстарынан кешірім сұрады.

– Нұрайдың туыстарынан және өз жақындарымнан кешірім сұраймын. Мұндай әрекетке барамын деп ойламадым, – деді ол.

Кісі өлтіруге алдын ала дайындалды ма?

Сот отырысы алдында қаза тапқан қыздың ағасы Сұлтан Серікбай мен адвокат Аянхан Омаров видеоүндеу жариялаған.

Адвокат айыптау актісіндегі деректерді еске салды. Тергеу нұсқасы бойынша, әуелі Аймахан қызға бірнеше рет пышақ сұққан. Кейін куәгер пайда болған кезде ер адам кетуге әрекеттенген, бірақ кейін оралып, шабуылын жалғастырған.

– Куәгер пайда болғаннан кейін ол қылмыс орнынан қашып кеткісі келген. Бірақ ойын өзгертіп, оралып, қыздың бүкіл денесіне тағы шамамен 30 пышақ жарақатын салған. Оны тану мүмкін емес, – деді Омаров.

Жәбірленуші тарап айыпталушыға ең қатаң жаза — өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етпек.

76 қоңырау және 35 пышақ жарақаты

Еске салайық, бұған дейінгі сот отырысында прокурор айыптау актісін толық оқыған еді.

Тергеу мәліметінше, сотталушы кісі өлтіргенге дейін Нұрайды ұзақ уақыт бойы аңдыған. Шерхан Аймахан қызды бұрын ұрлап әкетіп, оны өз үйіне алып барған және некеге тұруға мәжбүрлемек болған деп айыпталып отыр. Қыздың туыстары полицияға хабарласқаннан кейін үйлену тойы өтпей қалған.

Тергеу нұсқасы бойынша, содан кейін ер адам қызды аңдуын жалғастырған: үйінің маңында күтіп жүрген және оған үнемі қоңырау шалған. Бір күні оның нөміріне 76 рет қоңырау шалған.

Айыптау актісіне қарағанда, 11 қаңтарда Аймахан пышақты алдын ала дайындаған. Алдымен Нұрайға бес-алты рет соққы жасаған. Қыздың айқайын естіген куәгер келген. Ер адам бірнеше метр жерге шегінгенімен, кейін оралып, жерде жатқан қызға қайтадан пышақ сұққан.

Нұрайға 35 рет пышақпен жарақат салған.

Шерхан Аймаханға адам ұрлау, өлтіремін немесе денсаулыққа ауыр зиян келтіремін деп қорқыту және аса қатыгездікпен адам өлтіру баптары бойынша айып тағылып отыр.