Ақтөбе облысында шегірткеге қарсы дәрі шашып жүрген ұшақ апатқа ұшырады

Ulysmedia
Gov.kz

Ақтөбе облысында жеңіл моторлы ұшақ апатқа ұшыраған еді. Оқиға маусым айында болғанымен, бұл ақпарат енді ғана жарияланды. Апат салдарынан ұшқыш жарақат алып, бір айдан астам уақыт бойы дәрігерлер бақылауында болған. Оқиғаның мән-жайын  Ulysmedia.kz тілшісі полиция мен медицина қызметкерлерінен анықтады.

Шегірткеге қарсы өңдеу кезінде апат болды

Оқиға Байғанин ауданында болған. «Кукурузник» деп аталатын жеңіл моторлы ұшақ егістік алқаптарын шегірткеге қарсы химиялық дәрі сеуіп жүрген.

Көліктегі полиция департаментінің мәліметінше, ұшақ апатты жағдайда қонуға мәжбүр болған.

– Қандыағаш станциясындағы көліктегі полиция бөлімі әуе көлігінің қозғалысы немесе оны пайдалану қауіпсіздігі қағидаларын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады ведомство Ulysmedia.kz тілшісіне.

Ұшқыш бір айдан астам уақыт емделді

Редакция анықтаған мәлімет бойынша, ұшқыш 7 маусымнан 15 шілдеге дейін ауруханада ем алған. Дәрігерлер оның сол жақ бұғанасына ота жасап, сүйегін қалпына келтірген.

Бір айдан астам уақыт ем қабылдағаннан кейін ер адам ауруханадан қанағаттанарлық жағдайда шығарылған. Қазір ол дәрігерлердің бақылауында болып, амбулаториялық емін жалғастырып жатыр.