Астана соты Азамат Омаровтың бұлтартпау шарасын өзгертпеді

Ulysmedia
adilsoz.kz

Астана соты «Ахуал сегодня» YouTube арнасының авторы Азамат Омаровқа қатысты бұлтартпау шарасын өзгертпеді. Бұл туралы оның жұбайы Венера Мұстафина мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Сот адвокат Төлеген Шайықовтың журналистің бұлтартпау шарасын өзгертуге қатысты берген жеке шағымын қарап, қанағаттандырудан бас тартқан.

– Сот өтінішті қанағаттандырмады. Енді қаулының толық мәтінін күтіп отырмыз, – деп жазды Венера Мұстафина Facebook парақшасында.

Контекст

18 шілдеде сот Азамат Омаровты екі айға қамауға санкция берді. Астана полиция департаментінің мәліметінше, ол қылмыстық кодексінің 174-бабы («Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік немесе діни алауыздықты қоздыру») бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында күдікті деп танылған. Істің өзге мән-жайлары жария етілген жоқ.

Омаров қамауға алынғаннан кейін «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры құқық қорғау органдарын журналисті қылмыстық жауапкершілікке тартудың нақты негіздерін жариялауға шақырды.

Кейіннен мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева бұл істің сатираға немесе шенеуніктерді сынауға қатысы жоқ екенін мәлімдеді.