Жапониядағы жойқын жер сілкінісі: қаза тапқандар саны 13-ке жетті

Ulysmedia
Reuters

Жапонияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 13 адамға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Жапонияның оңтүстік-батысында болған күшті жер сілкінісінен кемінде 13 адам қаза тапты. Бұл туралы елдің премьер-министрі Санаэ Такаити мәлімдеді.

Жер сілкінісі 28 шілде күні жергілікті уақытпен сағат 16:27 шамасында Кюсю аралында тіркелген. Табиғи апаттан кейін Кумамото префектурасында шамамен 10 мың тұрғын эвакуацияланып, 37 мыңға жуық үй электр жарығынсыз қалған. Сондай-ақ бірқатар ғимарат, автожол мен көпір зақымданған.

Кумамото қаласында жер сілкінісі кезінде сауда орталығы опырылып, салдарынан кемінде екі адам көз жұмды. Құтқарушылар үйінді астынан сегіз адамды аман алып шыққан. Қазіргі уақытта із-түзсіз жоғалғандар мен ғимарат ішінде қалып қойған адамдарға қатысты ақпарат нақтыланып жатыр.

Апат аймағында іздестіру-құтқару жұмыстары жалғасуда. Табиғи апаттан келген материалдық шығын көлемі әзірге белгісіз.