Жапонияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 18 адамға жетті

Ulysmedia
Фото: REUTERS

Жапонияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 18 адамға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Жапонияда зілзала салдарынан қираған сауда орталығы мен тұрғын үй үйінділері астынан адамдарды іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр. AP агенттігінің хабарлауынша, табиғи апаттан қаза тапқандар саны 18 адамға жеткен.

Кюсю аралының оңтүстігіндегі Кумамото префектурасында бір күн бұрын болған магнитудасы 7,1 баллдық жер сілкінісі салдарынан кемінде 62 адам жарақат алған, оның алтауының жағдайы ауыр. Билік жараланғандар саны әлі де артып жатқанын айтып, құрбандар санының көбеюі мүмкін екенін ескертті.

Ең ауыр зардап Касима қаласындағы Aeon Mall сауда орталығында тіркелді. Жер сілкінісі кезінде онда адам көп болған. Шамамен 3 мың адам автотұраққа эвакуацияланған. Ғимараттың қызметкерлер жұмысын жалғастырып жатқан бөлігінде газ жарылып, екінші қабат опырылып түскен. Салдарынан адамдар үйінді астында қалып қойған.

Aeon компаниясының президенті Акио Ёсиданың айтуынша, үш адам әлі күнге дейін табылмаған. Оқиға орнында төрт адамның қаза тапқаны расталған.

Яцусиро қаласында Nippon Paper Industries зауытындағы мұржаның құлауы салдарынан бес адам қаза тауып, жеті адам құтқарылған. Алдын ала мәлімет бойынша, тағы төрт адам үйінді астында қалып отыр.

Қаза тапқандардың арасында шетел азаматы да бар. Вьетнам үкіметінің мәліметінше, Вьетнам азаматы зауытта жұмыс істеп жүрген кезінде үстіне кран құлап, көз жұмған. Кәсіпорында еңбек еткен тағы жеті вьетнамдық азамат қауіпсіз жерге эвакуацияланған.

Кумамото билігінің дерегінше, 34,9 мыңға жуық үй әлі күнге дейін жарықсыз, 15 мыңға жуық тұрғын үй ауыз сусыз отыр. Сонымен қатар, 8,8 мыңнан астам адам үйлерін тастап, эвакуациялық орталыққа орналастырылған.