Ресейдің Украинаға жасаған әуе шабуылы кезінде Польшада дабыл жарияланып, әскери авиация көтерілді, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
30 шілдеге қараған түні Ресейдің Украинаға жасаған жаппай әуе шабуылы кезінде Польшада әуе дабылы қосылып, қорғаныс жүйелері жоғары дайындық режиміне келтірілді. Сонымен қатар, Польша әскері елдің әуе кеңістігінде анықталмаған ұшу нысанын тіркеп, кейін оның Украинамен шектесетін Люблин воеводствосына (облысына) құлағанын хабарлады.
Польша қарулы күштері қолбасшылығының мәліметінше, елдің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштерінің жауынгерлік әзірлігі күшейтіліп, кезекші F-16 жойғыш ұшағы мен әскери авиация көтерілген.
Польша ӘШҚҚ жүйелері Батыс Украина әуе кеңістігінде ұшқан кемінде 12 зымыранды бақылаған. Олардың ұшу бағыты Польша аумағына қауіп төндіруі мүмкін деп бағаланған.
Әскерилердің мәліметінше, зымырандардың бірі сағат 03:29-да Польша шекарасына шамамен 5 шақырымға дейін жақындап, кейін бағытын өзгертіп, шығысқа қарай ұшып кеткен.
Шамамен 11 минуттан кейін, Польша әуе кеңістігінде батыс бағытында қозғалған белгісіз нысан анықталған. Осыған байланысты кезекші F-16 жойғыш ұшағы әуеге көтерілген.
Алайда сағат 03:46-да, сәйкестендіру рәсімі аяқталмай тұрып, нысан радар экрандарынан жоғалып кеткен. Кейін оның Люблин воеводствосына (облысына) құлағаны анықталып, оқиға орнына арнайы қызметтер жіберілген.
Польшаның Wiadomosci басылымының хабарлауынша, Люблин қаласы мен облысында түнде шамамен 10 минут бойы әуе дабылы қосылған.
Люблин облысы воеводасының баспасөз хатшысы Марчин Бубич басылымға:
– Әуе шабуылы қаупі болғанын растай аламын. Бұл ақпарат бізге тікелей Үкіметтің қауіпсіздік орталығынан түсті. Ақпарат шынайы әрі расталған», – деді.
Ал Польша премьер-министрі Дональд Туск елдің әуе кеңістігінің бұзылуына байланысты қорғаныс министрі мен тиісті қызметтердің қатысуымен үйлестіру тобын шақырғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, оқиға орнында мамандар бірнеше сағат бойы жұмыс істеп жатыр және болған жағдайдың барлық мән-жайы туралы оған тұрақты түрде ақпарат беріп отыр.
Контекст
30 шілдеге қараған түні Ресей әскері Киевке зымыранмен шабуыл жасады. Қаланың бірнеше ауданына зымыран сынықтары құлап, өрт шыққан. Киев қалалық әскери әкімшілігінің мәліметінше, шабуыл салдарынан бір адам қаза тапқан.
Львов қаласында да жарылыстардың дыбысы естіліп, әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйесі жұмыс істеген. Қала мэрі Андрей Садовый мен Львов облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Максим Козицкийдің айтуынша, екі көпқабатты тұрғын үй зақымдалып, 15 адам жараланған. Зардап шеккендердің арасында құтқару қызметінің бір қызметкері бар.
Ал Кривой Рог қаласының маңындағы Радушное ауылында Ресейдің «Искандер-М» баллистикалық зымыраны көпбалалы отбасы тұрған жеке тұрғын үйге түскен.
Днепропетров облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Ганжаның мәліметінше, шабуыл салдарынан 6 адам қаза тапқан, олардың ішінде 6 жасар қыз, сондай-ақ 11 және 17 жастағы ұл балалар бар.
Кривой Рог әскери әкімшілігінің басшысы Александр Вилкулдың хабарлауынша, тағы сегіз адам түрлі дәрежеде дене жарақатын алған.