ҚазТАГ ісі: Прокурор сотталушылардың барлығын кінәлі деп тануды сұрады

Есдәулет Қызырбекұлы
ulysmedia.kz коллажы

Алматының Алмалы аудандық сотында өтіп жатқан ҚазТАГ пен Freedom Finance компаниясы арасындағы дауға байланысты сот процесінде жарыссөз басталды. Прокурор соттан айыпталушылардың барлығын кінәлі деп тануды сұрады, деп хабарлайды Ulysmedia.

АЙЫПТАУ

Прокурор іс бойынша күдікті деп танылған ҚазТАГ бас директоры Әсет Матаевты 4 жылға, басылымның бас редакторы Әмір Қасеновті амнистия заңын қолданып, 1 жыл 3 айға, Уәлихан Рамазановты 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесуді, Жанна Қапарованы амнистия заңын қолданып, жазадан босатуды сұрады. 

Бұдан бөлек, Әсет Матаев пен Әмір Қасеновті 3 және 5 жылға кәсіби қызметпен айналысу құқығынан айыруды сұрады.

Сотталушыларға қылмыстық кодекстің «міндеттеріне адал қарамау», «көрінеу жалған ақпарат тарату» және «бұзақылық» баптары бойынша айып тағылып отыр.

Сот процесі жалғасып жатыр.

КОНТЕКСТ

Бұған дейінгі сот отырысында Әмір Қасенов басылымда жарияланған деректердің барлығы іс бойынша куә деп танылған заңгер Светлана Оралбаеваның сөздері екенін айтып, өздігінен ешнәрсе қоспағанын алға тартқан. 

– Материалдарда айтылған дүниелердің барлығының түпкілікті дереккөзі бар. Бұл жерде ол дереккөз – Оралбаева. Сіз неге мен айтты дейсіз? Мен журналистпін, менің ондай құқығым жоқ, – деді Қасенов сотта берген жауабында.

Оның алдында Светлана Оралбаева сотта берген жауабында «ҚазТАГ» агенттігінің Freedom Finance туралы жариялаған даулы материалдарының тақырыбын, соның ішінде «алаяқтық схемалары» және «топ-менеджерлер» деген тіркестерді агенттіктің бас редакторы Әмір Қасеновтің өзі қойғанын мәлімдеген. Kursiv.media сайтының жазуынша, биыл 6 шілдеде Светлана Оралбаева Freedom Finance компаниясымен медиациялық келісімге келген. 

ҚазТАГ пен Freedom Finance компаниясы арасындағы дауға байланысты сот процесі 15 маусымда басталған болатын.

Былтыр желтоқсанның басында ҚазТАГ директоры Әсет Матаев пен басылымның бас редакторы Әмір Қасенов «көпе-көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікке ілінген. Көктемде Матаевқа бұл баппен қозғалған іс тоқтатылғаны белгілі болды. Маусымның басында Әмір Қасенов президент Тоқаевқа қарата жасаған видеомәлімдемесінен кейін үйқамақтан абақтыға ауыстырылған. Ол үндеуінде соттың ашық өтуін талап еткен.

Сот процесі Алматының Алмалы аудандық сотында ашық өтіп жатыр. Бірақ БАҚ өкілдері процесті көршілес залдан бақылап отыр. 

ҚазТАГ үстінен бизнесмен Тимур Турлов басқаратын Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. ҚазТАГ бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы «алаяқтық схемалардан зардап шеккендер» жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған. Freedom Finance жарияланған мақала мен видеолар шындыққа жанаспайды дейді. ҚазТАГ бұл істі өздеріне жасалған қысым деп санайды.