Пашинян: Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуроодақтың бірін таңдауға әлі ерте

Ulysmedia
Никол Пашинян (Фото: primeminister.am)

Армения билігі әзірге халық алдына Еуразиялық экономикалық одақ (ЕАЭО) пен Еуропалық одақтың (ЕО) бірін таңдау мәселесін қоймайды. Бұл туралы премьер-министр Никол Пашинян мәлімдеді. Оның айтуынша, мұндай мәселе бойынша референдум өткізуге әлі ерте, деп хабарлайды Ulysmedia.

Толығырақ

Пашинянның сөзінше, бұл мәселені референдумға шығару үшін Армения кемінде Еуропалық одаққа мүшелікке өтініш беруі немесе кандидат ел мәртебесін алуы тиіс.

– Ресей бізден қазір Еуразиялық экономикалық одақ пен Еуроодақтың бірін таңдауды талап етіп отыр. Бірақ біз қазір балама бағытты қалыптастыру кезеңіндеміз. Сондықтан дәл қазір мұндай мәселені халықтың алдына қоя алмаймыз. Ол үшін Армения кемінде Еуроодаққа мүшелікке өтініш беруі немесе кандидат мәртебесін алуы қажет. Сонда ғана референдум өткізу қисынды әрі қажет болады, – деп мәлімдеді Пашинян.

Бұдан бөлек, Никол Пашинян Беларусь президенті Алексендр Лукашенконың “Армения кімге керек?” деген сөзіне қайырырылып: 

– Енді біз Арменияның кімге қажет екенін көрсетіп отырмыз. Армения Қытайға, АҚШ-қа, Иранға, Еуропалық одаққа, Грузияға, Ұлыбританияға қажет. Ал олардың барлығы Армения үшін маңызды, – деді Пашинян.

Контекст

Арменияның сыртқы экономикалық бағытына қатысты шиеленіс елден Ресейге экспортталатын өнімдерге қойылған шектеулерден кейін күшейе түсті. Осы жағдай аясында Еуропалық одақ Ереванға уәде етілген қаржылай қолдау пакетінің алғашқы 34 миллион еуросын бөлді.

Брюссель армян компанияларына Ресей нарығынан тыс жерлерден жаңа сатып алушылар табуға және Еуроодақ нарығына шығуға көмектесуге уәде берген.

Сонымен қатар, Ереван мен Мәскеу арасындағы байланыс жалғасып жатыр. Никол Пашинян Ресей президенті Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін, бірқатар мәселелер бойынша өзара түсіністікке қол жеткізілгенін мәлімдеді.

Еске салайық, 29 мамырда Қазақстан, Беларусь, Қырғызстан және Ресей бірлескен мәлімдеме қабылдап, Арменияға қысқа мерзім ішінде референдум өткізіп, Еуропалық одаққа қосылу немесе Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) қалу мәселесі бойынша нақты шешім қабылдауды ұсынған болатын.

Сондай-ақ төрт елдің үкіметтері желтоқсан айына дейін Арменияның Еуроодақпен одан әрі жақындасуының Еуразиялық экономикалық одаққа ықтимал әсеріне баға беруі тиіс.