Павлодардағы ЖЭО-да екі жұмысшы зардап шекті

Ulysmedia

Павлодардағы ЖЭО-2-де жабдықты іске қосу кезінде қатты тарс еткен дыбыс шықты. Соның салдарынан бір жұмысшының құлағы тұнып, екіншісі жұмыс орнынан шыққан кезде аяғын жарақаттады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

МӘН-ЖАЙ

«Павлодарэнерго» компаниясының мәліметінше, станцияда №5 қазандықты іске қосу жұмыстары жүргізілген. Сол сәтте құбырлардың бірі жарылған. Ал көршілес №4 қазандықта күрделі жөндеу жүріп жатқан. Сол жерде мердігер ұйымның жұмысшылары болған.

– Жөндеу жұмыстарын атқарған мердігер ұйым қызметкерлерінің бірі құлағының тұнып қалғанына шағымданды. Екінші жұмысшы жұмыс орнынан кетіп бара жатқан кезде тобығын ауыртып алған. Медициналық тексеруден кейін екеуі де үйлеріне жіберілді, – деп хабарлады компания.

Зардап шеккендердің ешқайсысы ауруханаға жатқызылған жоқ.

КОНТЕКСТ

Бұған дейін Ulysmedia.kz «Павлодарэнерго» компаниясының қаржылық жағдайы туралы жазған болатын. Компания кәсіпкерлер Александр Клебанов мен Сергей Кан иелік ететін Орталық Азия электр энергетикалық корпорациясының құрамына кіреді.

Компания 2025 жылды 48,7 млрд теңге көлеміндегі таза шығынмен аяқтады.