«Қан суша атқылап жатты»: Қатыгездікпен өлтірілген Маханбеттің отбасы әділдік іздейді

Ulysmedia
ulysmedia коллажы

Түркістан облысында тағы да қанды қылмыс. Бес баланың әкесін көшеде кеңірдегінен пышақтап өлтірген. Атпалдай азаматты аяусыздықпен ажал құштырған өзге емес өз ауылдастары дейді марқұмның жақындары. Қанды оқиғадан тіл тартпай кеткен Маханбет Тұрғанбектің жер қойнына тапсырылғанына он күн өтті. Қара жамылған отбасы содан бері не тергеу жылжымай, не күдіктілер қамалмай жатыр деп ашынып отыр.

«ҚАН СУША АТҚЫЛАП ЖАТТЫ»

Индира Көлбай үшін күйеуінен айырылған күнді еске алу өте ауыр. Қанды оқиға болатын түні Маханбет Тұрғанбекті досы қоярда қоймай алып кетіпті. Арада бір жарым сағат өткенде қаралы хабар жеткен. Алып-ұшып ауруханаға барған әйел 12 жыл отасқан жолдасымды танымай қалдым дейді.

– Денесіне адам қарайтындай күйде болған жоқ. Басының бәрін жарып тастаған. Аяқ-қолының саусақтарының барлығы ісініп, көтеріліп, ісіп кеткен. Қолында екі жерінен пышақпен жарақат салынған. Кеңірдектің үстіңгі жағынан да пышақ сұғылған. Сосын арқа тұста пышақты көрмедім. Бірақ су болып атқылап жатты қан. Менің күйеуім жанталасқан мойнындағы қанын ұстап. Қайта-қайта қанын сүртіп, кері қарай шегініп барып құлайды. Сол құлағанын бес бала да өз көзімен көріп, парктен шығып кетіп қалады, – дейді ол.

«БЕС БАЛАСЫ ҚАЛДЫ АРТЫНДА»

32 жастағы азаматтың ажал алдындағы сәті көше бойындағы бейнекамераға түсіп қалған. Жазбада жігітті ауылдастары жол ортасында жерге жатқызып ұрғаны байқалады. Қаншама рет қашып құтылуға ұмтылғанымен, құрдастары азаптауын тоқтатпаған дейді марқұмның анасы. Тіпті сол жердегі дәріхана қызметкерлері де араша түсуге асықпағанына ашынады.

– Менің балам жер қойнауында, қара жерде жатыр. Қалғандарының барлығы үйлерінде тамақ ішіп, ойнап-күліп жүр. Менің балам қара жерде жатыр. Бес баласы қалды артында. 40-нан шықпаған баласы бар. Бір баланы Шымкентке СИЗО-ға әкетті дейді. Тапсырыспен жасалған өлім бұл жерде. Тапсырыс берген баланы босатып жіберген. Ол үйінде жатыр тамақ ішіп, жылы төсекте. Менің балам қара жерде жатыр. Иығынан басып, жанталасып қашып жатқанда құлатқан. Неге сол балалар жазаланбайды? Неге олар босатылады?, – дейді марқұмның анасы Пакизат Алтынбекова.

Марқұмның отбасы дәлелдің бәрі бола тұра күдіктілердің түгелдей қамалмағанына күйінеді. Вахталық әдіспен жұмыс істеген Маханбет сол күннің ертеңіне жолға шығуы керек екен. Артында қалған бес баласы әкелерін әлі де күтіп жүр. Ulysmedia тілшісі Түркістан облысының полиция департаментіне сұрау салдық. Әзірге жауап келген жоқ.

Автор: Назерке Еркінбекқызы