Тоқаев Қазақстанның бірнеше өңіріндегі сот басшыларын ауыстырды

Ulysmedia
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің барлық өңіріндегі сот төрағаларын, сот алқаларының төрағаларын және судьяларды қызметке тағайындау және қызметтен босату туралы ауқымды кадрлық өзгерістер жөніндегі жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

Облыстық соттардағы жаңа басшылар

Ең ауқымды өзгерістер бірнеше өңірдің сот басшыларына қатысты болды. Ақмола, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарында жаңа сот төрағалары тағайындалды. Олардың басым бөлігі бұған дейін сот алқаларының төрағалары қызметін атқарған.

Ақмола облыстық сотын Исатай Сматов басқарады. Ол бұған дейін Маңғыстау облыстық сотының әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының төрағасы болған.

  • Ақтөбе облыстық сотының төрағасы — Әлібек Ахметов;
  • Алматы облыстық сотын — Нариман Бекназаров;
  • Қарағанды облыстық сотын — Ғалым Күлекеев;
  • Шығыс Қазақстан облыстық сотын — Төлеген Қасымов басқарады.

Алматы және мамандандырылған соттардағы өзгерістер

Кадрлық ауыс-түйіс ірі қалаларға да қатысты. Алматыда аудандық соттардың басшылары ауысты.

  • Алатау аудандық сотының төрағасы болып Дәулет Арқинов тағайындалды.
  • Алмалы аудандық сотының төрағасы — Жанат Әбенова.

Сонымен қатар Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстарындағы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік, қылмыстық және аудандық соттарға да жаңа басшылар тағайындалды.

Президент жарлығы 2026 жылғы 29 шілдеде қол қойылған күннен бастап күшіне енді.