Ким мен Огай «Қазақмыс» компаниясының бұрынғы активтерінен 400 млрд теңге дивиденд алды

Ulysmedia
Қазақмыс

Бизнесмендер Владимир Ким мен Эдуард Огай бақылайтын Kazakhmys Copper компаниясы өзінің жалғыз акционеріне 400 млрд теңгеге жуық дивиденд төледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz

ҚОМАҚТЫ ДИВИДЕНД

KASE сайтында жарияланған ақпаратқа қарағанда, Kazakhmys Copper компаниясының 2025 жылғы таза табысы 811,8 млрд теңге болған. Осы соманың 399 млрд 615 млн 581,3 мың теңгесі дивиденд төлеуге бағытталған.

Бұл қаражаттың барлығын Kazakhmys Copper компаниясының жалғыз иесі – KCC Copper Limited алады.

«Kazakhmys Copper» АҚ – Владимир Ким мен Эдуард Оғай «Корпорация Қазақмыс» ЖШС мен бірқатар басқа кәсіпорындарды Нұрлан Артықбаевқа сатқаннан кейін бақылауында сақтап қалған активтердің бірі.

Акционерлік қоғам олардың 2025 жылы құрылған әрі Астана халықаралық қаржы орталығында (АХҚО) тіркелген KCC Copper Limited құрылымына тиесілі.

2025 жылдың қазан айындағы мәлімет бойынша, Kazakhmys Copper активтерінің құны 2,3 трлн теңге болған. Компанияның жалпы міндеттемелері – 1,4 трлн теңге.

Оғайдың жаңа жобасы

Сонымен қатар Эдуард Огай Қазақстандағы ең бай бизнесмендер тізіміне кіретін тағы бір кәсіпкер Владимир Джуманбаевпен бірге Қарағанды облысындағы вольфрам кен орнын игерумен айналысатын жаңа компания тіркегені белгілі болды.