Африканың солтүстігіндегі Испанияның автономиялық қаласы Сеута кейінгі жылдардағы ең ірі миграциялық дағдарыстың ошағына айналды. Бір тәуліктің ішінде Марокко жағынан шекараны түрлі дерек бойынша екі-үш мыңға жуық адам заңсыз кесіп өткен, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мигранттардың бір бөлігі шекара қоршауларын бұзып өтсе, енді бірі Испания аумағына теңіз арқылы жеткен. Олар үрлемелі шеңберлермен, гидрокостюм киіп, тіпті жүзу қалақтарын пайдаланып өткен.
Биліктің мәліметінше, шекараны заңсыз кесіп өту әрекеттері кезінде кемінде 18 адам қаза тапқан.
Мигранттар легінің күрт артуына Испания Жоғарғы сотының теңіз арқылы келген заңсыз мигранттарды бірден кері қайтаруға шектеу қойған шешімі себеп болғаны айтылып жатыр. Осыдан кейін әлеуметтік желілерде «енді депортация болмайды» деген ақпарат тарап, Марокконың шекарадағы Фнидк қаласында мыңдаған адамның жиналуына түрткі болған.
Мигранттардың бірі Джадида Закария журналистерге:
– Бұл өте ауыр болды. Полиция бізді барынша тоқтатуға тырысты, бірақ біздің жігеріміз бен табандылығымызның арқасында шекараны бұзып өтіп, осында жеттік, – деді.
Сеутада төтенше жағдай жариялау талап етілді
Анклав билігі қала мүмкіндігінің шегіне жеткенін мойындады. Уақытша орналастыру орталықтары лық толған, жүздеген адам көшеде түнеуге мәжбүр.
Сеута үкіметінің басшысы Хуан Хесус Вивас орталық билікке үндеу жасап, қаланың «гуманитарлық әрі әлеуметтік тұрғыдан аса ауыр төтенше жағдайға» тап болғанын мәлімдеді.
Оның айтуынша, тіршілікті қамтамасыз ету жүйесі толықтай шамадан тыс жүктелген, шекара іс жүзінде бұзылған. Сондықтан Мадрид шұғыл түрде төтенше жағдай жариялап, қаланы қорғауға армияны тартуы қажет.
Бұған жауап ретінде Испания үкіметі Сеутаға қосымша әскери бөлімдер, арнайы полиция жасақтары мен Азаматтық гвардия күштерін жіберді. Сонымен қатар премьер-министр Педро Санчес анклавқа дереу жетті.
Мадрид Мароккомен заңсыз мигранттардың бір бөлігін жедел қайтару жөнінде келісімге келгені де хабарланды.
Италия Испанияның миграциялық саясатын сынға алды
Сеутадағы ахуал көп ұзамай Еуропалық одақ ішіндегі саяси текетіреске ұласты.
Италияның сыртқы істер министрі Антонио Таяни Испанияның миграциялық саясатын қатаң сынға алып, Испанияға қатысты Шенген аймағының жұмысын тоқтату бастамасын қолдайтынын мәлімдеді.
Оның сөзінше, бақылаусыз миграция Италияның ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіреді, ал Сеутадағы жағдай Испания билігінің шешімдерінің салдарын айқын көрсетіп отыр.
Таяни сондай-ақ Мадридтің құжатсыз жүрген жарты миллионнан астам мигрантты заңдастыру жоспарын да сынға алды. Оның пікірінше, мұндай қадам заңсыз көші-қонды ынталандырып, адам тасымалымен айналысатын қылмыстық топтардың әрекетін күшейтеді.
Ал Италия премьер-министрі Джорджа Мелони профильдік ведомстволармен кеңескеннен кейін төтенше шаралар қабылдауға дайын екенін айтты.
Оның айтуынша, қарастырылып жатқан нұсқалардың бірі – Испанияға қатысты Шенген ережелерінің қолданылуын уақытша тоқтату.
Мелони Италия заңсыз көші-қонмен ымыраға келмейтінін, шекараны қорғауды күшейтіп, адам саудасымен күресті жалғастыратынын және мигранттарды тиімді түрде кері қайтаруға күш салатынын мәлімдеді.
Мадрид Италия елшісін түсініктеме беруге шақырды
Испания Италия басшылығының мәлімдемелеріне жауапсыз қалған жоқ.
Римнің өткір мәлімдемелерінен кейін Испанияның сыртқы істер министрлігі Италия елшісін түсініктеме беру үшін шақырды.
Испанияның сыртқы істер министрі Хосе Мануэль Альбарес Италия тарапының сөздерін «серіктес елге жараспайтын мәлімдеме» деп бағалап, Мадридтің Еуропалық одақтағы әріптестерінен ішкі саяси мүддені емес, еуропалық ынтымақтастықты күтетінін айтты.
Ол сондай-ақ Испания өз шекарасын қорғау және заң талаптарын сақтау үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатқанын жеткізді.
Ел ішінде де сын күшейді
Миграциялық дағдарыс Испанияның өз ішінде де саяси пікірталасты ушықтырды.
Халық партиясының жетекшісі Альберто Нуньес Фейхоо үкімет жағдайды толық бақылаудан шығарып алғанын мәлімдеді.
– Сеутадағы ахуал мүлде тығырыққа тірелді және бақылаудан шықты. Санчес үкіметі енді болып жатқан жайтқа көз жұма қарай алмайды. Қазір біз ұлттық қауіпсіздікке төнген ең ауыр дағдарыстардың бірімен бетпе-бет келдік. Заңсыз миграцияны жанама түрде қолдаған жүйесіз саясат елдің оңтүстік шекарасындағы егемендікке қауіп төндірді, – деді ол.
Қауіпсіздік күштері күшейтілгеніне қарамастан, Мароккомен шекарада Еуропалық одақ аумағына өтуді күтіп тұрған мыңдаған адам әлі де қалып отыр.