Украинаның Ресейдің Wildberries компаниясының қоймаларына жасаған дрон шабуылыҚырғызстандағы тігін өндірісіне ауыр соққы болып тиюде. Тапсырыс пен табысынан айырылған тігін цехтары жаппай жабылып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.
Толығырақ
Дрон шабуылдары салдарынан Wildberries қоймаларындағы қырғызстандық кәсіпкерлердің тауарлары да өртке оранған. Тігін цехтары қыруар шығынға батқан.
– Клиенттеріміздің қаржысының жүз пайызға жуығы сөздің тура мағынасында жанып кетті. Қазір тапсырыстардың бәрі тоқтатылып жатыр, жаңа тапсырыс жоқ. Біздің кәсіпорында жүзге жуық шетелдік жұмыс істейді. Оларды жібере алмаймыз, өйткені жаңа талаптарға байланысты оларды мұнда әкелудің өзі өте қиын болды», – дейді кәсіпкерлердің бірі Kaktus.media басылымына.
Kaktus.media басылымының жазуынша, Қырғызстандағы бірқатар тігін цехы жұмысын тоқтатқан. Көптеген қызметкер үш айға ақысыз демалысқа жіберілген.
Сонымен қатар кәсіпкерлердің айтуынша, несие, ипотека және басқа да қаржылық міндеттемелер сол күйі сақталып отыр. Осыған байланысты сала өкілдері биліктен тек бизнеске ғана емес, табысынан айырылған тігіншілерге де төлемдер бойынша жеңілдік немесе кейінге қалдыру мүмкіндігін қарастыруды сұрап отыр.
Бірыңғай салық уақытша алынып тасталады
Өз кезегінде Қырғызстан билігі тігін саласын қолдау шараларын жариялады. 1 тамыздан бастап тігін кәсіпорындары үшін бірыңғай салық мөлшерлемесі нөлге теңестіріледі.
Қазір бұл саладағы кәсіпорындар табысының 0,25 пайызын, ал маркетплейстер арқылы жұмыс істейтін кәсіпкерлер 2 пайыз көлемінде бірыңғай салық төлейді.
Әзірге Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдан нақты қанша тігін цехы мен кәсіпкердің зардап шеккені белгісіз. Бұл мәліметтерді Қырғызстанның тігіншілер қауымдастығы жинап жатыр.
Wildberries Қазақстанға көшуі мүмкін
Wildberries қоймаларына жасалған шабуылдардан кейін компания логистикалық қуаттарының бір бөлігін Қазақстанға көшіру мүмкіндігін қарастырып жатқаны туралы ақпарат тарады. Мәлімет бойынша, маркетплейске шамамен 100 мың шаршы метр қойма қажет.
Алайда Қазақстанның Сауда және интеграция министрлігі Wildberries тарапынан мұндай өтініштің ресми түрде түспегенін мәлімдеді. Ведомствоның хабарлауынша, егер компаниядан ұсыныс келсе, ол Қазақстанның мүддесі ескеріле отырып, жалпы тәртіппен қаралады.