Алдын ала мәлімет бойынша, Қазақстандағы ең ірі Теңіз кен орнынан өндірілетін мұнай енді Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалы арқылы емес, Грузия бағытымен экспорттала бастады. Бұл туралы Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Балама бағыт іске қосылды
Reuters-тің Мәскеудегі бюросының мәліметінше, «Теңізшевройл» (ТШО) үш айлық үзілістен кейін Грузияның Батуми порты арқылы мұнай экспортын қайта жандандырған. Компания бұл бағытпен шамамен 20 мың тонна мұнай жөнелткен.
Агенттік мәліметінше, Теңіз мұнайы алдымен теміржол цистерналары арқылы Батуми портына жеткізіледі. Кейін ол танкерлерге тиеліп, Қара теңіз арқылы Түркия бағытына тасымалданады.
Әзірше «Теңізшевройл» бұл ақпаратқа қатысты ресми түсінік берген жоқ.
КҚК жұмысына дрон шабуылдары әсер етіп жатыр
Қазақстан мұнайының шамамен 80 пайызы экспортталатын Каспий құбыр консорциумының инфрақұрылымында кейінгі уақытта жиі кідірістер болып жатыр. Бұған теңіз терминалы маңындағы танкерлерге жасалған дрон шабуылдары себеп болған.
Экспорттың әрбір тоқтатылуы Қазақстан экономикасына қомақты шығын келтіреді.
30 шілде күні қазақстандық мұнайды тиеуге тиіс кезекті танкерлер де дрондардың шабуылына ұшырады. Қазақстанның Энергетика министрлігі мұнай тиеу жұмыстары шабуылдарға дейін-ақ уақытша тоқтатылғанын мәлімдеді. Алайда бұл шектеудің қанша уақытқа созылатыны нақтыланбады.
Осы оқиғадан кейін Ресейдің Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның экономикалық мүдделері «Украина саясатының салдарынан барған сайын зардап шегіп жатқанын» мәлімдеді.
Ал Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко бұған дейін Киевтің танкерлерге жасалған шабуылдарға қатысы барын дәлелдейтін нақты айғақ жоқ екенін айтқан.