Жапонияда болған жойқын жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 35 адамға жетті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Президент Жапонияның Кумамото префектурасында болған жойқын жер сілкінісі салдарынан көптеген азаматтың қаза табуына байланысты Премьер-министр Санаэ Такаичиге, жақындарынан айырылған отбасыларға және Жапония халқына көңіл айтты.
– Қасым-Жомарт Тоқаев қайтыс болған жандардың туыстарының сабырға келуіне, жарақат алған адамдардың тез арада сауығып кетуіне тілектестігін білдірді, – делінген Ақорданың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Контекст
Магнитудасы 7,1 болған жойқын жер сілкінісі салдарынан 35 адам қаза тауып, тағы 120-дан астам тұрғын түрлі дәрежеде жарақат алды.
Кумамото префектурасында шамамен 80 мың үй әлі күнге дейін ауыз сусыз отыр. Сондай-ақ 5,3 мыңнан астам тұрғын үй электр жарығынсыз қалған.
Табиғи апаттың салдарын жою және тірі қалғандарды іздестіру жұмыстарына Жапонияның Өзін-өзі қорғау күштерінің 4,6 мың әскери қызметкері жұмылдырылды.
Алайда өңірдегі сейсмикалық белсенділіктің бәсеңдемеуіне байланысты құтқару жұмыстары өте күрделі жағдайда жүргізіліп жатыр. Осы уақытқа дейін 100-ден астам қайталама жер сілкінісі тіркелген.
Алдағы күндері өңірде ауа температурасы 39°C-қа дейін көтеріледі деп болжанып отыр. Аптап ыстық зардап шеккен тұрғындар мен құтқарушылар үшін күн өту қаупін күшейте түседі.