Петропавлда мектеп оқушысынан туберкулездің ашық түрі анықталды

Ulysmedia
Ашық дереккөз

Петропавлдағы мектептердің бірінде оқушыдан туберкулездің ашық түрі анықталды. Диагноз расталғаннан кейін санитарлық қызмет эпидемиологиялық тексеру бастады. Мектеп оқушылары мен мұғалімдер медициналық тексеруден өтуге шақырылды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жайы

«Астана» телеарнасының мәліметінше, науқас - мыңнан астам бала білім алатын №17 Ұлттық жаңғыру мектеп-кешенінің 10-сынып оқушысы.

2-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылардың ата-аналарына емханаға барып, тексеруден өту туралы қоңыраулар мен хабарламалар түсе бастағаннан кейін жұрт алаңдай бастады. Көпшілік науқаспен байланыста болмаған балалардың да неге тексеріліп жатқанын түсінбей қалған.

Диагноз шілдеде расталды

Мектеп мәліметінше, оқушы кейінгі рет 30 мамырда сабаққа келген. Директордың міндетін атқарушы Ермек Бақтыбаевтың айтуынша, науқас туралы ақпарат білім беру мекемесіне 14 шілдеде түскен. Ол кезде оқушылар жазғы демалыста, ал мұғалімдер еңбек демалысында болған.

Бұған дейін, 26 маусымда жоспарлы флюорография кезінде жасөспірімнен пневмонияға күдік туған. Ол ауруханаға жатқызылып, компьютерлік томографиядан өткеннен кейін дәрігерлер туберкулезді анықтаған.

Мектеп түгел тексеріліп жатыр

Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы шұғыл хабарлама түскен бойда індетке қарсы шаралар басталғанын мәлімдеді.

Қазір 2-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі оқушылар мен мектеп қызметкерлері тексеруден өтіп жатыр. Мамандар дезинфекция жүргізіп, науқаспен байланыста болған адамдардың аясын анықтап, оқиғаның барлық мән-жайын зерделеп жатыр.

Аурудың нақты қашан тарағаны әзірге белгісіз. Болжамдардың біріне сәйкес, ауру ұзаққа созылған пневмониядан кейін өршуі мүмкін.

Санитарлық қызмет кейінгі екі жылда өңірде балалар арасында туберкулездің ашық түрі тіркелмегенін де атап өтті.