Қазақстанның Ішкі істер министрлігі әлеуметтік желіде шетелдіктің Қазақстан азаматтығын ақшаға алғанын мәлімдеген видеосы тарағаннан кейін қылмыстық іс қозғады.Тексеріс нәтижесінде оның сөзі расталған жоқ, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Әлеуметтік желіде ер адамның тікелей эфир кезінде Қазақстан азаматтығын емтихан тапсырмай, ақша төлеп алғанын айтқан видеосы тарады. Ол елде жемқорлық барын да мәлімдеген.
Әңгіме барысында сұхбаттасы одан мемлекеттік тілді білуге арналған тест тапсырды ма деп сұраған. Ер адам ешқандай емтихан тапсырмағанын және мәселені ақша арқылы шешкенін айтқан.
Сонымен қатар, ол Қазақстан халқының өте ақкөңіл әрі қонақжай екенін атап өткен.
ІІМ не деді?
Видео тарағаннан кейін ІІМ тексеріс жүргізіп, жазба авторының жеке басын анықтады. Ол көршілес елдердің бірінің азаматы болып шыққан.
Министрлік оның Қазақстан азаматтығын сатып алды деген мәлімдемесі шындыққа жанаспайтынын хабарлады. Осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қазір құқық қорғау органдары шетелдік әріптестерімен бірлесіп, қажет шараларды жүргізіп жатыр.
ІІМ жалған ақпаратқа сенбеуге шақырды
Ведомство азаматтарды тек мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сенуге және тексерілмеген мәліметтерді таратпауға шақырды.
Сондай-ақ, министрлік бұған дейін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде жалған жарияланымдар мен арандатушылық сипаттағы хабарламалардың көбейгенін ескерткенін атап өтті.
ІІМ көрінеу жалған ақпарат таратқандар Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапқа тартылуы мүмкін екенін еске салды.