Конго Демократиялық Республикасында Эбола вирусын жұқтырғаны зертханалық түрде расталғандар саны 3,5 мыңнан асты. Бұл кейінгі жылдардағы елдегі ең ірі індетке айналып, ауқымы жағынан 2018–2020 жылдардағы індеттен де асып түсті, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
AFP агенттігінің мәліметінше, індет басталған мамырдан бері елде 3 532 адамнан Эбола вирусы анықталған.
Олардың 1 556-сы көз жұмған.
Осылайша қазіргі індет 2018–2020 жылдары Конго Демократиялық Республикасында тіркелген ең ірі Эбола өршуінен де асып түсті. Ол кезде шамамен 3 500 адам вирус жұқтырып, 2,3 мыңға жуық науқас қайтыс болған еді.
БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы басшысының міндетін атқарушы Карл Скаудың айтуынша, бұл - халықаралық ұйымдар кездескен ең жылдам таралып жатқан Эбола індеті.
Ауру жұқтырғандар мен көз жұмғандар саны бойынша қазіргі жағдай тек 2014–2016 жылдары Батыс Африкада болған ең ірі Эбола індетінен кейін тұр. Ол кезде Гвинея, Либерия және Сьерра-Леонеде 28 616 адам вирус жұқтырып, 11 310 адам қайтыс болған.
Қазіргі індеттің ошағы Уганда және Оңтүстік Суданмен шектесетін Итури провинциясының солтүстік-шығысында орналасқан.
Вирустың таралуына қарулы қақтығыстар, кедейлік және марқұмдарды жерлеу кезінде санитарлық талаптардың сақталмауы кедергі келтіріп отыр.
Эбола вирусы науқастың биологиялық сұйықтықтарымен тікелей байланыс арқылы жұғады және ауыр геморрагиялық қызбаға әкелуі мүмкін.
Мамандардың айтуынша, қазіргі індетке Bundibugyo деп аталатын сирек кездесетін вирус түрі себеп болған. Оған қарсы әзірге ресми мақұлданған вакцина да, арнайы емдеу тәсілі де жоқ.