Трамп райынан қайтты ма? АҚШ келісімге қол жеткізу үшін Иранға соққыны кейінге шегеруге дайын

Ulysmedia
Ulysmedia.kz коллажы

АҚШ президенті Дональд Трамп Иранның ядролық бағдарламасы бойынша жақын арада келісім жасалып, Ормуз бұғазы арқылы кеме қатынасының қауіпсіздігі қалпына келтірілсе, Иранға жаңа соққы жасаудан бас тартуға дайын екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Мән-жай

Америка басшысының айтуынша, Иран мен Таяу Шығыстағы өзге елдер келіссөздерді аяқтау үшін қосымша уақыт сұраған. Трамп уағдаластыққа тез арада қол жеткізілген жағдайда жоспарланған шабуылды тоқтатуға дайын екенін айтты.

- Бүкіл әлемнің болашағы мен Иранның өркендеуі үшін соққыдан бас тартуға келістім. Бірақ келісім тез арада жасалуы керек, - деп жазды ол Truth Social әлеуметтік желісінде.

Трамп Израильдің де мұндай ұстанымды қолдайтынын мәлімдеді. Алайда Израиль билігі тарапынан әзірге ресми растау болған жоқ.

Иран қатаң жауап қайтаратынын ескертті

Осы арада Тегеран Вашингтонға жаңа соққылардың жауапсыз қалмайтынын ескертті. Иран сыртқы істер министрі Аббас Аракчи Түркия, Пәкістан және Сауд Арабиясының өкілдерімен келіссөз барысында елдің кез келген басқыншылық әрекетке батыл жауап беретінін айтты.

Кейін ол Сауд Арабиясының сыртқы істер министріне АҚШ пен Израильдің кез келген соққысы, сондай-ақ, аймақтағы басқа елдердің мұндай әрекеттерге қатысуы «тең дәрежедегі жауапқа» ұласатынын жеткізді.

Axios мәліметінше, Сауд Арабиясының тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман Дональд Трамппен жағдайды талқылап, Вашингтонның Иранға қатысты жоспарын түсіндіруді сұраған.

Мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасалуы мүмкін екені айтылды

Иранның Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне жақын Nournews агенттігі АҚШ елдің энергетикалық нысандарына соққы жасаса, Сауд Арабиясы, БАӘ, Катар және Израильдің мұнай инфрақұрылымына қарымта шабуыл жасалатынын мәлімдеді.

Келіссөздер жалғасып жатыр

Кэмп-Дэвидте өткен министрлер кабинетінің отырысында Трамп арнайы өкіл Стив Уиткофф, мемлекеттік хатшы Марко Рубио және Джаред Кушнер жүргізіп жатқан келіссөздердің сәтті аяқталатынына үміттенетінін айтты.

Сонымен қатар АҚШ президенті Тегеранға деген сенімнің азайып бара жатқанын мойындады.

- Олар берген уәдесін тым жиі бұзады, - деді Трамп. Ол келісім жасалмаған жағдайда АҚШ жаңа соққы жасауға дайын екенін қосты.

Әлемдік экономикаға төнетін қауіп сейілген жоқ

Қақтығыс салдарынан әлемдегі мұнай тасымалының негізгі бағыттарының бірі - Ормуз бұғазы маңындағы жағдай әлі де күрделі. Қауіпсіздікке төнген қатерге байланысты көптеген кеме бұл бағытты айналып өте бастаған. Бұл әлемдік энергетика нарығына қысым түсіруді жалғастырып отыр.

Йемендік хуситтердің әлемдік мұнай жеткізілімі үшін маңызды тағы бір бағыт - Баб-эль-Мандеб бұғазын жабамыз деген қоқан-лоқысы да алаңдаушылық туғызды.

Сонымен қатар, Ұлыбританияның UK Maritime Trade Operations қызметі Оман жағалауында болған екі жаңа теңіз оқиғасы туралы хабарлады. Бір жағдайда белгісіз снаряд мұнай танкерінің қозғалтқыш бөлігін зақымдаған. Екінші жағдайда кеменің маңында жарылыс болған. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ.