Қазақстан мен Қытай арасында жаңа өңірлік әуе бағыттарын ашу және бірлескен әуе компаниясын құру мүмкіндігі талқыланды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
ТОЛЫҒЫРАҚ
Қазақстан Республикасы Көлік вице-министрі Талғат Ластаев пен «Urumqi Airlines» әуе компаниясының вице-президенті Чжан Лянның кездесуінде Қытай тарапы Үрімші – Қарағанды, Құлжа (Инин) – Астана және Құлжа (Инин) – Алматы бағыттары бойынша тұрақты рейстер ашу жоспарын таныстырды.
Кездесу барысында Қазақстан тарапы Өскемен мен Семей қалаларына, сондай-ақ болашақта Зайсан мен Катонқарағайдағы жаңа өңірлік әуежайларға рейстер ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Тараптар Қазақстанда COMAC әуе кемелерін пайдаланып, өңірлік тасымалдармен айналысатын бірлескен әуе компаниясын құру мүмкіндігін де талқылады. Мұндай әуе компаниясы Зайсан, Катонқарағай және туристік әлеуеті жоғары басқа да қалаларға рейстер орындауға мүмкіндік береді.
URIMQI AIRLINES
«Urumqi Airlines» 2014 жылы құрылған, штаб-пәтері Үрімші қаласында орналасқан Қытай әуе компаниясы. Компания әуе паркінде Boeing 737-800 және COMAC C909 ұшақтары бар. Авиакомпания тағы 40 COMAC C909 ұшағын жеткізуге тапсырыс берген.