Лұқпан Ахмедияровты Қазақстаннан шығармай қойған

Ulysmedia
Ulysmedia коллажы

«Просто журналистика» жобасының авторы Лұқпан Ахмедияровты Қазақстаннан шығармаған. Журналист ұшар алдында eGov порталы мен Әділет министрлігінің сайтынан елден шығуға тыйым салынғанын тексергенімен, ешқандай шектеу анықталмаған. Ол бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

ТОЛЫҒЫРАҚ

Лұқпан Ахмедияров отбасымен бірге Черногорияға демалуға бармақ болған. Алайда Астана әуежайындағы паспорттық бақылау кезінде оған елден шығуға тыйым салынғаны айтылған.

– Ұшар алдындағы түні тағы да eGov.kz пен Әділет министрлігінің сайтына кіріп, елден шығуға шектеу бар-жоғын тексердім. Шектеу жоқ болды, бірақ әуежайдағы паспорттық бақылауда мені кері қайтарды. Олар бұған Астана полиция басқармасының елден шығуға тыйым салу туралы шешімін себеп етті, – деп жазды журналист.

Сонымен қатар Ахмедияров әуежайда КНБ-ның кезекші офицерін күткенін айтты. Оның сөзінше, оған тыйым салудың себебін сол қызметкер түсіндіруі керек болған.

ЕСКІ ЖАЗБАҒА ҚАТЫСТЫ ДАУ

«Әділ сөз» құқық қорғау қоры бұл жағдайға қатысты түсінік беріп, 31 шілдеде журналисті Өскемен тұрғынының арызы бойынша полицияға шақырғанын еске салды.

Шағым 2024 жылдың сәуірінде жарияланған материалға байланысты болған. Ол кезде Ахмедияров украиналық «Хочу жить» жобасының Ресей жағында соғысқа қатысқан болуы мүмкін 660 қазақстандықтың аты-жөні көрсетілген тізімін қайта жариялаған.

Түсініктеме бергеннен кейін журналист босатылған.

Ал 1 тамызда әлеуметтік желілерде тағы бір азаматтың видеоүндеуі тараған. Ол да Ахмедияровты жауапкершілікке тартуды талап етіп, жарияланған тізімге өзінің аты қателесіп енгізілгенін айтқан.

Журналист бұл оқиғаларды тәуелсіз БАҚ-қа жасалып жатқан қысыммен байланыстырған еді.

«Әділ сөз» қоры жағдайға алаңдап отырғанын және оқиғаның дамуын бақылауды жалғастыратынын мәлімдеді.

КОНТЕКСТ

Бұл – Ахмедияровтың сапар кезінде қиындыққа тап болған алғашқы жағдайы емес. Биыл наурызда Украинадан оралғаннан кейін оны әріптестерімен бірге Астана әуежайында шамамен 40 минут ұстап, «түсіндіру әңгімесіне» шақырған.

Сол кезде журналистке ешқандай айып тағылмаған, әңгімеден кейін босатылған.

Ulysmedia.kz редакциясы Лұқпан Ахмедияровпен байланысуға тырысқанымен, материал жарияланған сәтте ол телефонын көтермеді.

Сондай-ақ редакция елден шығуға салынған тыйымның себептерін түсіндіруді сұрап, Астана қаласы полиция департаментіне сауал жолдаған.