5 тамызға қараған түні Ресей мен Украина бір-біріне жаппай соққы жасады. Киевте 17 адам қаза тапты, ал Мәскеу облысында дрондардың шабуылынан бес адам көз жұмды. Сонымен қатар Запорожье атом электр станциясы біраз уақытқа жарықсыз қалды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Толығырақ
Украина президенті Владимир Зеленскийдің мәліметінше, өңірге 24 баллистикалық зымыран, төрт «Циркон» және «Оникс» зымыраны, сондай-ақ 115 дрон шабуыл жасаған.
Ресми мәлімет бойынша, 17 адам қаза тауып, тағы 44 адам жараланды. Бровары ауданында пойыз күтіп тұрған теміржол платформасына жасалған соққыдан сегіз адам қаза болды.
Украина билігі Киев-Святошинский және Деснянский аудандарындағы қоймаларда өрт шыққанын да хабарлады.
— Соққы өте жойқын болды. Шабуылдың негізгі нысанасы – азаматтық кәсіпорындардың қоймалары. Соғысқа қатысы жоқ нысандар зардап шекті: сыра өндіретін компания, құрылыс материалдарының қоймалары және азаматтық логистика нысандары. Баллистикалық зымырандарды ұстайтын жүйелер бүгін қаза тапқан адамдардың өмірін сақтап қалуы мүмкін еді. Әріптестеріміз мынаны түсінгені жөн: мұндай жүйелерді жеткізуді кешіктіру немесе оларды беруге құлықсыздық осындай қайғылы адам өлімі мен қирауға әкеледі. Әзірше мұндай жүйелерді жеткізуге белсенді түрде көмектесуге дайын емес әріптестер Ресейге жаңа санкциялар арқылы қысымды күшейте алады, — деп жазды Зеленский.
Түнгі шабуылдар кезінде Запорожье атом электр станциясы сыртқы электрмен жабдықтаудан ажыратылды. Станция шамамен бір сағат резервтік дизель генераторлары арқылы жұмыс істеді. Кейін электр энергиясының берілуі қалпына келтірілді.
«Энергоатом» компаниясының мәліметінше, бұл — 2026 жылдың басынан бері станцияның сыртқы электрмен жабдықтаудан ажыратылуының 12-жағдайы. Ал Запорожье АЭС-і 2022 жылдың көктемінде ресейлік әскердің бақылауына өткеннен бері мұндай жағдай 24 рет болған.
Ресейге жасалған жауап соққы
Алдыңғы түні дрондар Ресейдің бірқатар өңіріне де шабуыл жасады. Мәскеу облысының губернаторы Андрей Воробьевтің алдын ала мәліметінше, шабуыл салдарынан бес адам қаза тауып, тағы 10 адам жараланған.
Чехов қалалық округінің басшысы Михаил Собякин логистикалық кешеннің зақымданғанын хабарлады. Сонымен қатар Ленинград облысындағы Wildberries қоймаларының бірінде өрт шықты.