Астанада жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесі алғаш рет сынақтан өтті

Ulysmedia
Азаматтық авиация комитеті

Астанада жолаушы мінген EH216-S ұшқышсыз әуе кемесінің алғашқы демонстрациялық ұшуы өтті. Электр қуатымен қозғалатын eVTOL әуе аппараты «Future Games 2026» халықаралық турнирі аясында арнайы рұқсат етілген аумақта сынақтан өтті. Бұл – Қазақстан тарихындағы жолаушы мінген ұшқышсыз әуе кемесінің алғашқы демонстрациялық ұшуы, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.

Екі жолаушыға арналған

EH216-S екі жолаушыны тасымалдауға арналған. Оның ең жоғары жылдамдығы сағатына 130 шақырымға жетеді, ал ұшу қашықтығы 35 шақырымға дейін барады.

Алғашқы кезеңде Қазақстанның табиғи, мәдени және тарихи көрікті жерлері үстімен 5-30 минутқа созылатын демонстрациялық және туристік бағыттарды іске қосу жоспарланып отыр.

Қай салаларда қолданылмақ

Ұшқышсыз әуе жүйелерін болашақта шұғыл медициналық көмек көрсету, дәрі-дәрмек жеткізу, өрт сөндіру, логистика және жедел әрекет етуді қажет ететін басқа да бағыттарда пайдалану көзделген.

Сонымен қатар Қазақстанда жолаушыларға арналған ұшқышсыз әуе жүйелерін кезең-кезеңімен жергілікті жерде өндіру жоспарланып отыр. Бұл жоғары технологиялы машина жасау саласын дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейтуге мүмкіндік береді.

Қажетті инфрақұрылым жасалып жатыр

Қазір Көлік министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қалалық әуе мобильдігін дамытуға қажетті құқықтық және инфрақұрылымдық негізді қалыптастырып жатыр.

eVTOL әуе кемелерін пайдалану, вертипорттардың қызметі және ұшқышсыз әуе қозғалысын басқару жүйесіне қатысты заңнамалық өзгерістер қабылданған.

Еске салайық, бұған дейін Астанада алғаш рет тік ұшып-қонып, тік қона алатын электрлі әуе көлігі (eVTOL) негізіндегі аэротакси сынақтан өткенін хабарлаған едік.