Тимур Турловтың компаниялары «Транстелеком» АҚ-ның 75 пайыз акциясын иеленетін Unit Telecom ЖШС-ні сатып алды. Осылайша «Транстелеком» кәсіпкердің бақылауына өтті. Бұған дейін компания Нұрәлі Әлиевке, кейін кәсіпкер Ғалымжан Есеновке тиесілі болған, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мәміле аяқталды
«Ручная экономика» Telegram-арнасының авторларының жазуынша, Unit Telecom ЖШС Future Telecom Limited холдингінің бақылауына өткен.
Өз кезегінде ол FTS SPC Limited және Telora SPC Limited компанияларына тиесілі. Ал бұл екі компанияның иесі – Turlov Private Holding. Оның құрылтайшылары – Тимур Турлов пен Ольга Баскакова.
– Unit Telecom құрылтайшыларының қатарынан Jusan Mobile мен Дмитрий Покупателев шыққан. Мәміле 3 тамызда жасалған, – деп жазды «Ручная экономика».
Unit Telecom «Транстелеком» АҚ акцияларының 75 пайызын бақылайды.
Келісім және алаңдаушылық
Тимур Турловтың «Транстелекомды» сатып алатыны туралы ақпарат бұған дейін де белгілі болған. 2025 жылғы желтоқсанда «Транстелеком» акционерлері компанияны Турловтың құрылымдары сатып ала бастағанына байланысты директорлар кеңесінің жаңартылған құрамын бекіткен.
Телекоммуникация және IT саласында жұмыс істейтін «Транстелекомның» Қазақстандағы ең бай кәсіпкерлердің бірінің бақылауына өтуі сынға ұшырады.
Кейбір қоғам белсенділері компанияның елдегі «стратегиялық активтерінің» болашағына алаңдады. Өйткені «Транстелеком» «Қазақстан темір жолы» мен «Қазатомөнеркәсіптің» жұмысына тартылған.
«Транстелекомды» бұған дейін кім иеленді?
Бұған дейін «Транстелекомды» Қазақстанның экс-президентінің немересі Нұрәлі Әлиев бақылаған. Ол 2015 жылы жекешелендіру бағдарламасы аясында компанияның 49 пайыз акциясын «ҚТЖ»-дан сатып алған. Мәміле құны шамамен 9 млрд теңге болған.
2025 жылдың жазында Әлиев өз үлесін Ғалымжан Есеновтің Jusan Mobile компаниясына сатқан.
Осыдан кейін көп ұзамай Есенов пен Турлов арасындағы мәміле туралы ақпарат тарады. Ол кезде келісім 2026 жылдың соңына дейін аяқталады деп болжанған.