АҚШ Украинамен Қазақстан мұнайының басым бөлігі экспортталатын Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына соққы жасамау жөнінде келісімге келді. Бұл туралы америкалық шенеунікке сілтеме жасаған Bloomberg жазды, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Мән-жайы
Басылым деректеріне сүйенсек, мұндай келісім АҚШ-тың жоғары лауазымды өкілдері мен Украина басшылығы арасындағы келіссөздерден кейін жасалған.
Киев Қара теңіздегі КҚК нысандарына, сондай-ақ, Новороссийск маңындағы терминалға бет алған Ресейге тиесілі емес танкерлерге шабуыл жасамауға міндеттеме алған.
Алайда бірнеше шарт бар. Кемелер Ресей мұнайын немесе Ресейдің басқа да жүгін тасымалдамауы, Украина санкциясына ілікпеуі және Ресей азаматтары мен компанияларына тиесілі болмауы керек.
Бұған қоса, Украина жүк тасымалдаушы компаниялармен байланыс орнататын арнайы арналар ашқан. Кеме иелері сол арқылы қауіпсіз өту үшін өз кемелері туралы мәліметті алдын ала жібере алады.
Бұл Қазақстан үшін неліктен маңызды?
КҚК Қазақстан мұнайын сыртқа шығарудың негізгі бағыты болып қала береді. Қазақстан әзірге мұндай көлемдегі мұнайды басқа бағыттар арқылы тасымалдай алмайды.
КҚК жүйесі арқылы әлемдік мұнайдың шамамен 2 пайызы тасымалданады. Оның едәуір бөлігі Еуропадағы сатып алушыларға жөнелтіледі.
Кейінгі апталарда терминал маңындағы жағдай күрт шиеленісті. Новороссийск маңындағы кемелерге дронмен жасалған шабуылдар мұнай тиеу жұмыстарына кедергі келтірді. Жаңа соққылардан қауіптенген кейбір кеме иелері бұл бағытқа барудан бас тарта бастаған.
Мұнай тасымалына әсер етті
20 шілдеден басталған аптадағы шабуылдардан кейін америкалық компаниялар жалдаған коммерциялық кемелер КҚК терминалында мұнай тиеуді уақытша тоқтатты.
Жұмыс 27 шілдеде қайта басталды. Алайда екі күннен кейін терминал маңындағы коммерциялық кемелер дрон шабуылына ұшырады.
Bloomberg дереккөздерінің мәліметінше, соңғы іркілістер салдарынан тамызда CPC Blend мұнайының экспорты шамамен үштен бірге азаюы мүмкін.
Дегенмен нақты көлемі әзірге белгісіз. Шілдеде жөнелтілуі тиіс мұнайдың бір бөлігі тамызға ауыстырылған. Ал жұмыстың қайта тоқтауы тамыздағы мұнай жөнелтілімдеріне де әсер етуі мүмкін.
Танкермен тасымалдау күрт қымбаттады
Шабуыл қаупі тасымал құнының өсуіне де әкелді. Новороссийск маңындағы терминалға танкер жіберуге дайын кеме иелерінің қатары сиреп барады.
Baltic Exchange деректеріне сәйкес, жұма күні КҚК мұнайын Жерорта теңізіне тасымалдайтын танкерлердің бір тәуліктегі табысы 400 мың доллардан асты. Бұл - осы бағыттағы рекорд көрсеткіш.
Бұған дейін Reuters шабуылдардан кейін Қазақстан мұнайын тасымалдайтын танкерлер экипаждары қауіпсіздік шараларын күшейте бастағанын жазған.
Теңізшілерге дрон шабуылы қаупі төнген кезде кеменің қорғалған бөліктерінде болу ұсынылған. Ал кеме иелеріне Қара теңіз порттарына кірмес бұрын қауіп-қатерді мұқият бағалау керектігі ескертілген.
Танкер жалдау ақысы да апта сайын дерлік қымбаттап келеді. Бұған дейін оның бір тәуліктегі құны 200 мың доллардан сәл асатын деңгейден 300 мың доллардан жоғары көрсеткішке дейін өскен. Сонымен қатар, кемелерді сақтандыру құны да қымбаттаған.