АҚШ-тың апелляциялық соты Ақ үйдің 400 млн доллар тұратын жаңа бал залын салу жұмыстарын уақытша тоқтатты. Дональд Трамптың бастамасымен қолға алынған нысан президент резиденциясының бұған дейін сүрілген Шығыс қанатының орнына салынып жатыр, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сот Ақ үйге мұндай ауқымды өзгеріс енгізу үшін Конгрестің келісімі қажет деген шешімге келді.
«Президент - Ақ үйдің уақытша тұрғыны»
Reuters мәліметінше, Колумбия округінің апелляциялық соты бұл шешімді екі судьяның қолдауымен, бір судьяның қарсылығымен қабылдады.
- Әрбір президент - Ақ үйдің иесі емес, онда уақытша тұратын адам, - деп атап өтті судьялар.
Олардың пікірінше, алып бал залын салу жөніндегі шешімді президент өз бетінше емес, Конгрестің келісімімен қабылдауы керек.
Сотқа Тарихи мұраны сақтау жөніндегі ұлттық қор шағым түсірген. Ұйым Ақ үйдің Шығыс қанаты сүріліп, оның орнына Конгрестің рұқсатынсыз аумағы шамамен 8,4 мың шаршы метр болатын зал салына бастағаннан кейін сотқа жүгінген.
Әзірге тыйым тек жер үстіндегі құрылыс жұмыстарына қатысты. Жер астындағы жұмыстарды жалғастыруға рұқсат берілді.
Трамп Жоғарғы сотқа жүгінбек
Сот шешімі бірден күшіне енбейді. Әкімшілікке Жоғарғы сотқа шағымдану үшін 14 күн берілді.
Трамп бұл мүмкіндікті пайдаланатынын мәлімдеді.
Президент сот шешімін «сұмдық» деп атап, оның саяси астары бар деп есептейтінін айтты.
Трамп болашақ нысанды енді жай ғана бал залы емес, «әскери орталық» деп атап жүр. Оның айтуынша, жобада бомбадан қорғайтын паналар, медициналық бөлмелер, сондай-ақ, дрондар мен зымырандардан қорғайтын жүйелер қарастырылған.
Әкімшілік бұл кешен Ақ үйдің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де қажет екенін алға тартып отыр.
Алайда судьялар бұл уәжбен келіспеді. Олар ұлттық қауіпсіздік мәселесі атқарушы билікті заң талаптарын орындаудан босатпайтынын атап өтті.
Жоба екі есе қымбаттады
Бал залының құны бастапқы жоспармен салыстырғанда шамамен екі есе өсіп, 400 млн долларға жеткен.
Трамп мұны жобаның едәуір кеңейтілуімен және болашақ кешеннің сапасына қойылатын талаптардың күшейтілуімен түсіндірген.
Дегенмен сот құрылысты біржола тоқтатқан жоқ. Жер үстіндегі жұмыстар сот талқылауы аяқталып, Конгрестің қажет келісімі алынғанға дейін тоқтатыла тұрады.