Сербия президенті Александр Вучич Украинаның Еуропалық одаққа кіру жолын қолдайтынын мәлімдеді. Бұл туралы ол 8 тамызда Белградта Украина президенті Владимир Зеленскиймен бірге өткен баспасөз мәслихатында айтты, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
- Украина Еуроодаққа кіру жолында әрдайым біздің қолдауымызға ие болады, - деді Вучич.
Сербия президенті Украинаға Еуропалық одаққа қосылу үдерісіне қажет барлық келіссөз бағытын мүмкіндігінше тезірек ашып, кейін оларды сәтті аяқтауды тіледі.
Сербия Украинаны қолдауға дайын
Вучич Белград Киевтің еуропалық интеграциясына қолдау көрсету үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға дайын екенін айтты.
Сонымен қатар, Сербия президенті басқа елдердің Еуроодаққа кіру жолында кездесіп жатқан кедергілеріне қатысты пікір білдіруден бас тартты.
Ол Сербияның өзі де келіссөздердің жекелеген бағыттарын ашу кезінде қиындықтарға тап болғанын атап өтті.
Сербия Еуропалық одаққа үміткер ел мәртебесін 2012 жылы алған.
Ел мүшелікке өтінішті 2009 жылы берген, содан кейін еуропалық интеграцияның ұзақ үдерісі басталды.
Украина келіссөздерді жеделдеткісі келеді
Украина билігі Еуроодаққа кіру жөніндегі келіссөздер күзде одан әрі ілгерілейді деп үміттеніп отыр.
Еуропалық және еуроатлантикалық интеграция мәселелері жөніндегі вице-премьер Всеволод Ченцов бұған дейін қалған келіссөз бағыттары да ашылады деп күтетінін айтқан.
Оның бағалауынша, Украинаның Еуропалық одаққа кіру жөніндегі келіссөздерін 2027 жылдың аяғына дейін аяқтау - өршіл, бірақ қол жеткізуге болатын мақсат.
Владимир Зеленский Сербияға 7 тамызда келді.
Бұл - оның Украина президенті қызметіне кіріскеннен бергі Сербияға жасаған алғашқы ресми сапары.