Алдағы күндері Қазақстанда ауа райы ыстық болады. Дегенмен кей өңірлерде күн райы бұзылып, жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. 11-13 тамыз аралығында ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Жаңбыр қай өңірлерде жауады?
«Қазгидромет» болжамына қарағанда, 11 тамызда жауын-шашын мол түседі. Елдің солтүстігі мен оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында нөсер жаңбыр жауады. Кей жерлерде бұршақ жауып, жел екпіні күшеюі мүмкін.
Қазақстанның орталығы мен оңтүстігінде жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Солтүстік-батыс, солтүстік және шығыс өңірлерде түнде және таңертең тұман түсуі ықтимал.
Аптап ыстық
Кей өңірлерде ауа температурасы +44 градусқа дейін көтеріледі
Ең қатты ыстық оңтүстікте болады. Күндіз ауа температурасы +37...+44 градусқа дейін көтеріледі. Шығыс пен оңтүстік-шығыста +30...+42 градус ыстық болады.
Батыс пен орталық өңірлерде ауа температурасы +27...+39 градус аралығында сақталады. Ал ең салқын ауа райы солтүстік-батыс пен солтүстікте байқалады. Дегенмен бұл өңірлерде де күндізгі температура +25...+35 градусқа дейін жетеді.