Садыр Жапаров 2027 жылғы сайлауға қатысатынын мәлімдеді

Ulysmedia
24.kz

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров 2027 жылы өтетін президент сайлауында екінші мерзімге сайлану үшін өз кандидатурасын ұсынатынын мәлімдеді. Ол сұхбат барысында алдағы сайлау жоспарымен қатар, бұрынғы жақын серігі, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің экс-төрағасы Камчыбек Ташиевтің болашағы туралы да пікір білдірді, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Сайлау әділ өтеді

Журналист Али Токтокуновқа берген сұхбатында Жапаров президенттікке қайта түсетінін растады. Оның айтуынша, бұл қызметке үміткер болғысы келетіндердің барлығына мүмкіндік беріледі.

– Кім сайлауға қатысқысы келсе, қатыса берсін. Ешкімді шектемейміз, ешкімге кедергі келтірмейміз. Сайлау әділ өтеді, – деді Жапаров.

Президент биліктің кандидаттарды ұсыну процесіне араласпайтынын және кімнің сайлауға қатысатынын өзі шешпейтінін айтты. Сондай-ақ дауыс беру кезінде бұған дейін парламент сайлауында сынақтан өткен жүйені қолдану жоспарланып отырғанын жеткізді.

Ташиевті ізбасары ретінде қарастырған

Қырғызстан президенті бұрынғы серігі, Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің экс-төрағасы Камчыбек Ташиев туралы да пікір білдірді.

Бұған дейін Жапаров Ташиевті елдің болашақ президенті ретінде қарастырған. Тіпті оған президенттікке дайындалуға кеңес беріп, мемлекеттік қызметте жүрген жақындарына, туыстары мен сыныптастарына мұқият болуды ескерткен.

Алайда кейін президенттің Ташиевке деген көзқарасы өзгерген. Жапаров оның әзірше ел басқаруға дайын емес деген тоқтамға келген. Ташиев қызметінен босатылғанын Германияда ем қабылдап жүрген кезінде білген.

– Мен оған: «Қазір парламентте алауыздық болып жатыр. Сені қызметтен босатамын, өйткені сен әлі дайын емессің», – дедім, – деді Жапаров.

Ташиев президенттің шешіміне қарсылық білдірмей, оны қабылдайтынын айтқан.

Қазір Жапаров Ташиевті мемлекеттік қызметке қайта тағайындауды жоспарлап отырған жоқ. Оның пікірінше, ҰҚМК-ның бұрынғы басшысы біраз уақыт демалып, өткен оқиғаларды саралап, өз қатесін түсінуі керек.

– Қазір оның демалғаны жөн. Өткенді ой елегінен өткізіп, талдап, қай тұста қателік кеткенін еске түсіруі қажет. Сонда өзі де түсінеді деп ойлаймын, – деді президент.

Сонымен қатар Жапаров Ташиевтің арнайы қызмет басшысы ретіндегі жұмысына оң баға берді. Президенттің айтуынша, ол бес жыл бойы өз міндетін жақсы атқарған.