Қазақстаннан кейін Қырғызстан мен Тәжікстанда да жарық өшті

Ulysmedia
ЖИ/Ulysmedia

14 тамызда Орталық Азияның бірнеше елінде электр энергиясына қатысты проблемалар тіркелді. Қазақстандағы жаппай жарық өшуінен кейін Қырғызстан мен Тәжікстаннан да электр қуатының үзіліп жатқаны туралы хабарламалар түсе бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz. 

Бішкек пен қала маңында жарық өшті

Жергілікті уақыт бойынша шамамен сағат 15:00-ден бастап Бішкектің түрлі ауданында тұрғындар электр қуатының өшіп жатқанын айтып шағымдана бастаған.

Алғашқы хабарламалар Тыныстанов және Токтогул көшелерінен түскен. Кейін электр энергиясына қатысты ақаулар қаланың басқа бөліктерінде де байқалған.

Алматинка мен БЧК аудандарында, Лебединовкада, Төменгі Ала-Арчада, Боталиев, Киев, Тыныстанов, Логвиненко және Фрунзе көшелерінде, «Орто-Сай» базары маңында, сондай-ақ Арашанда, 4 және 7-шағынаудандарда және Шыңғыс Айтматов даңғылы аумағында жарықтың өшкені хабарланды.

Кейбір жерлерде электр энергиясы кейін қайта берілген.

Тәжікстан тұрғындары да жарықтың өшкенін хабарлады

Электрмен жабдықтаудағы ақаулар туралы Душанбе және Тәжікстанның басқа да өңірлерінің тұрғындары хабарлаған.

Әлеуметтік желі қолданушыларының айтуынша, кейбір аудандарда жарық алдын ала ескертусіз өшіп, бір сағаттан астам уақыт бойы берілмеген.

Қазақстанның оңтүстігінде де жарық өшті

Айта кетейік, Қазақстанда да жаппай электр жарығы өшті. Алматы, Алматы облысы, Жетісу облысы және Шымкент тұрғындарынан шағымдар түсті.

Алматы әкімдігінің мәліметінше, 14 тамызда сағат 14:38-де KEGOC-тың Л-5400, Л-5300 және Л-5320 үш жоғары кернеулі желісі апатты жағдайда ажыратылған.

Осыдан кейін апатқа қарсы автоматика іске қосылып, Алматы мен Алматы облысындағы тұтынушылардың бір бөлігі электр қуатынан ажыратылды. Ажыратылған жүктеме көлемі шамамен 300 МВт болды.

Әкімдік өкілдері электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарын «Алатау Жарық Компаниясының» мамандары жүргізіп жатқанын хабарлады.